
Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталар алдында пешпен жылытылатын, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерде профилактикалық рейдтер басталды.
Бүгінде облыста осындай 2758 отбасы бар. Уақтылы жүргізілген профилактикалық жұмыстар барысында 75-ке жуық бұзушылық анықталды, оның 51-і ТЖД қызметкерлерінің ұсынымдары негізінде сол жерде жойылды. Негізгі мақсат – тұрғын үйлерді қысқы кезеңге дайындау, өрттің шығу және көміртегі тотығымен улану қаупін азайту, сондай-ақ азаматтардың өрт қауіпсіздігі қағидалары туралы хабардарлығын арттыру.
ШҚО ТЖД мамандарының айтуынша, өрттің негізгі себептері – пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау және отпен абайсыз жұмыс істеу.
Соңғы 6 жылда әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне 17 000-нан астам көміртегі тотығы датчигі орнатылды. Олардың көмегімен 45 азаматтың, оның ішінде 31 баланың өмірі құтқарылды. Сонымен қатар, оннан астам үйде пештер мен электр сымдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Құтқарушылар жылыту маусымы басталар алдында барлық жылыту жабдықтарын тағы бір рет тексеру қажеттігін еске салады. Сондай-ақ пештегі барлық жарықтарды бітеу, шатырдағы түтін мұржасын әктеу қажет. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, оларды барынша жылдам жоюға мүмкіндік береді.
Пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде:
* жағылып тұрған пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оны бақылауды балаларға тапсыруға болмайды;
* қатты отынмен жағылатын пештерді тұтандыру үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді;
* жобалау нормаларында көзделген арнайы саңылаулары жоқ ысырмаларды (жапқыштарды) пайдалануға болмайды;
* құрамында қызған және бықсып жатқан материалдар бар күл мен шлакты пештен шығарғаннан кейін өрт шығу мүмкіндігін болдырмайтын арнайы орынға шығарып, міндетті түрде сумен сөндіру қажет.
Өрт немесе түтін шыққан жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1278199?lang=ru

Жауап қалдыру