
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «ДП «ОРТАЛЫҚ» ЖШС-не барып, оның құрылғанына 15 жыл толуына арналған іс-шараға қатысты.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің атынан Ғұмар Серғазин кәсіпорын ұжымын және ардагерлерін мерейтойымен құттықтап, «ОРТАЛЫҚ» кәсіпорнының Қазақстанның уран саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Өткен 15 жыл ішінде кәсіпорын тұрақты өндірістік әлеует қалыптастырып, еліміздің уран саласында лайықты орынға ие болды. «Орталық Мыңқұдық» кенішінің тұрақты жұмысы және «Жалпақ» кен орнын кезең-кезеңімен игеру кәсіпорынды одан әрі дамытудың маңызды құрамдас бөліктері болып табылады», – деді Ғұмар Серғазин.
«ДП «ОРТАЛЫҚ» ЖШС 2011 жылы құрылды және бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тобының уран өндіруші кәсіпорындарының бірі болып табылады. Кәсіпорынның өндірістік қызметі екі активпен – «Орталық Мыңқұдық» кенішіне және «Жалпақ» кен орнына байланысты.
«Мыңқұдық» кен орнының «Орталық» учаскесін өнеркәсіптік игеру 2006 жылы басталып, 2008 жылы алғашқы өндірістік өнім алынды. Кенішті пайдалану жылдары «Орталық Мыңқұдық» кенішінде 28 мың тоннадан астам уран өндірілді.
Кәсіпорын дамуының жаңа кезеңі «Жалпақ» кен орнын игерумен байланысты. 2021 жылғы желтоқсанда уранды өнеркәсіптік өндіруге арналған келісімшартқа қол қойылып, 2022 жылы алғашқы өндірістік өнім алынды. Ал 2023 жылғы қарашада жерүсті қайта өңдеу кешенінің құрылысы басталды.
«ОРТАЛЫҚ» кәсіпорнының дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастық. 2021 жылдан бастап кәсіпорынның серіктесі ретінде China General Nuclear Power Group (CGN) «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен ынтымақтастық орнатып келеді. Өз құттықтауында Агенттік төрағасының орынбасары Қазақстан мен Қытайдың атом саласындағы ынтымақтастығының стратегиялық маңызын және өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде «ДП «ОРТАЛЫҚ» ЖШС-де 700-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын өндірістік қауіпсіздікке, тиімділікті арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және үнемді өндіріс қағидаттарын енгізуге ерекше көңіл бөледі.
«Қауіпсіздік, кәсібилік, жауапкершілік және тұрақты даму қағидаттарына бейілділік кәсіпорынға алдағы уақытта да елдің өндірістік әлеуетін нығайтып, Қазақстанның атом саласын дамытуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Ғұмар Серғазин.
Кәсіпорын өз қызметі жылдарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосты: салық төлемдерінің көлемі 205 млрд теңгені құрады, ал аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Кәсіпорынның білім беру гранттары аясында 245 студент қолдауға ие болды.
Жұмыс сапары барысында Ғұмар Серғазин «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның қазақстандық-жапондық бірлескен кәсіпорны – «АППАК» ЖШС-не де барды. Ол кәсіпорынның өндірістік қызметімен, негізгі технологиялық процестерімен және өндірістік қауіпсіздікті ұйымдастыру жұмысымен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy/press/news/details/1277168?lang=ru

Жауап қалдыру