
Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол мұнай-газ кен орындарын аралап, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу өткізді және отандық мұнай-газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Жұмыс сапарының алғашқы нысаны Теңіз кен орны болды. Вице-министр «Теңізшевройл» ЖШС басшылығымен жұмыс кеңесін өткізіп, өндірістік нысандарды аралады.
Кездесу барысында кен орнын игерудің ағымдағы жай-күйі, жобалық шешімдер мен геологиялық-техникалық іс-шаралардың орындалуы, игеру тиімділігі және көмірсутек қорларын ұтымды өндіру мәселелері қаралды.
Қабат қысымын ұстап тұру, мұнай мен газ өндіру динамикасы, ұңғымалар қорының жай-күйі, сондай-ақ қабатта жүріп жатқан процестерді неғұрлым нақты бағалау үшін кешенді геологиялық-кәсіпшілік зерттеулер жүргізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Вице-министр бекітілген жобалық шешімдерді қатаң сақтау және жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сол күні вице-министр «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Теңізшевройл» ЖШС-мен ортақ аумақта орналасқан Батыс Қарасор кен орнына барды. Кен орнын игеру ерекшеліктері және оны одан әрі жете барлау мәселелері қаралды.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында вице-министр Қаратонға барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс сапарының екінші күні Айранкөл кен орнына барды. Вице-министр кен орнын игерудің жай-күйімен, цифрлық шешімдердің қолданылуымен және әлеуметтік нысандармен танысты.
Қарсақ кен орнында жүргізіліп жатқан геологиялық-техникалық іс-шаралар, көлденең ұңғымаларды, оның ішінде көлбеу сағалы көлденең ұңғымаларды бұрғылау, сондай-ақ кен орнын игерудің рентабельділігін арттыру жөніндегі шаралар қаралды.
Сонымен қатар вице-министр Ескене кен орнына барып, жою жұмыстарының ағымдағы жай-күйімен танысты.
Жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу
21 тамызда Атырау қаласында «ҚМГ Инжиниринг» филиалының алаңында вице-министрдің жер қойнауын пайдаланушылармен кездесуі өтті.
Кездесу барысында мұнай-газ компаниялары қызметінің өзекті мәселелері, келісімшарттық және жобалық міндеттемелердің орындалуы, геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі дамыту және кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Ресурстық базаны жүйелі түрде толықтыру, заманауи технологияларды енгізу және игерудің соңғы сатысындағы кен орындарының тиімділігін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Отандық өндірушілерді қолдау
Жұмыс сапарының қорытынды кезеңінде вице-министр ТШО, NCOC және «Ембімұнайгаз» АҚ өкілдерімен бірге Sigma Solutions, WIKA Kazakhstan, «АтырауНефтеМаш», «ЖигерМунайСервис» және KazBoltService отандық кәсіпорындарын аралады.
Кәсіпорындарда вице-министр өндірістік қуаттармен, технологиялық процестермен және мұнай-газ саласына арналған шығарылатын өнімдермен танысты.
Кәсіпорындарды аралау барысында отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, жергіліктендірілетін өнімдер номенклатурасын кеңейту және қазақстандық компаниялардың ірі мұнай-газ операторларының сатып алуларына қатысу мәселелері талқыланды.
Вице-министр отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырудың және қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша кен орындарын игеру тиімділігін арттыру, ресурстық базаны толықтыру, жер қойнауын ұтымды пайдалану және отандық өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1278295?lang=ru

Жауап қалдыру