
Бесқарағай ауданы аумағында орналасқан балаларға арналған «Радуга» жазғы сауықтыру лагерінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қатысып, балаларға жол қауіпсіздігі, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау және жеке қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік, буллингтің алдын алу, суицидтің алдын алу және есірткі заттарының адам ағзасына зияны жөнінде маңызды ақпараттар айтылды.
Кездесу барысында балалар полиция қызметкеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
– Ағай, интернетте бейтаныс адам жеке мәліметтерімізді сұраса не істейміз?
– Ең бастысы – жеке мәліметтерді бермеу, күмәнді аккаунтты бұғаттап, бұл туралы ата-анаңа немесе сенімді ересек адамға айту керек. Қауіпсіздік әрқашан бірінші орында болуы тиіс, – деп жауап берді полиция инспекторы.
Балаларға кез келген қиын жағдайда үнсіз қалмай, үлкендерден көмек сұраудың маңыздылығы түсіндірілді.Осындай еркін форматтағы диалог балалардың құқық қорғау органдарының қызметіне деген сенімін арттырып, қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында полиция қызметкері жасөспірімдерге қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруды, өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жанындағы достарының қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1276638?lang=ru

Жауап қалдыру