
Ақтөбеде «2026 Бәйгеден Қазақстан Чемпионаты» жобасының алтыншы іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Ипподромда өткен дүбірлі дода еліміздің әр аймағынан келген ең жүйрік сәйгүліктер мен шабандоздардың басын қосты.
Алтыншы іріктеу кезеңі аясында бес жарыс ұйымдастырылды. Соның бірі – Қазақстанда туған құнандар бәйгесі.
Облыс әкімі Асхат Шахаров аталған 10 шақырымдық бәйге жеңімпаздарын марапаттады. Ол жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен федерацияға алғыс білдіріп, облыста ұлттық спортты дамыту үшін алдағы уақытта да қажетті жағдай жасалатынын айтты.
«Ұлттық спорт – мәдениетіміз бен дәстүріміздің маңызды бөлігі. Ол арқылы халқымыздың болмысын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткіземіз. Сондықтан мұндай спорт түрлерін жүйелі түрде қолдап, дамыту – біздің міндетіміз. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге және оларды кеңінен насихаттауға жағдай жасауымыз керек. Сонда дәстүріміздің ғұмыры ұзарып, келер ұрпаққа жалғаса береді», – деді Асхат Шахаров.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы облысының жүйрігі Саққұлақ иеленді. Оның шабандозы – Ерсұлтан Жарқын, иесі – Назар Алтынбай, бапкері – Жамбыл Бөбекбай.
Екінші болып Алматы облысының тағы бір жүйрігі Зәмзәм келді. Шабандозы – Есімбек Есентай, иелері – Тастан Жанысбаев пен Медет Әзімбай.
Үшінші орын Қостанай облысының Гамлет атты жүйрігіне бұйырды. Шабандозы – Давид Шегибаев, иесі әрі бапкері – Александр Рудольф.
Төртінші орынға Алматы қаласының Салман Ай жүйрігі, шабандозы – Дамир Лесбек, иесі – «Nomad Arena» КСК, бапкері – Ержан Ақтасов орнықты.
Үздік бестікті Жетісу облысының Эмират жүйрігі түйіндеді. Шабандозы – Айсұлтан Саматұлы, иесі – Берік Алдабергенов, бапкері – Шахзат Амандық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1278337?lang=ru

Жауап қалдыру