Абай облысында жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында жол инфрақұрылымын дамыту және жөндеу жұмыстарының барысы, сондай-ақ, Семей қаласындағы сауда нысандарын жаңғырту мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.

Өңірдегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 034 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолдардың үш учаскесінде орташа жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық маңызы бар 100 шақырымды құрайтын 10 жол учаскесі мен 20 елді мекендегі 80 көшені жөндеу көзделген. 2025 жылдан өтпелі 13 нысанның алтауында жұмыс толық аяқталып, жетеуінде жалғасуда. Биыл басталған жобалардың 9-ы аяқталып, 16 нысанда жұмыс жүріп жатыр.

Бүгінде Семей қаласының көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Мичурин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек Бейбітшілік аралының жолы, Абай, Құнанбай, Қозбағаров, Герцен, Жангелдин, Сеченов, Жанатайұлы көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Семей қаласындағы автокөлік көпірін қайта жаңғырту жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта жобаның орындалу деңгейі 80 пайызға жетті. Нысан ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы қадағалау жүргізуде.

Аймақ басшысы жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына саланың жұмысын жандандыруды, бюджеттен тыс қаражат тартуға назар аударып, тиісті министрліктермен жұмысты күшейтуді тапсырды. Қала-аудан әкімдерімен, тиісті органдармен бірлесіп жыл қорытындысы бойынша облыстық жол желісінің техникалық-нормативтік жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізуді, автоматтандырылған өлшеу жүйесін орнату, жолдардың сапасын зертханалық бақылау, диагностикалау жұмыстарын жеделдетуді, қосымша қаржыландыруды қажет ететін өтпелі жобалар бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді жүктеді.

«Жолдың сапасы – елді мекендердің қолжетімділігіне, халықтың қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, жалпы, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Ең басты мәселе – бөлінген қаражатты игеру ғана емес, оның есебінен нақты нәтижеге қол жеткізу. Әсіресе, жолдардың сапасы, жөндеу жұмыстарының мерзімі, өтпелі нысандардың аяқталуы тұрақты бақылауда болуы тиіс», – деді Берік Уәли.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1278940?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді