НҰРА АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

25 тамыз күні Нұра ауданында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.

Маңызды басқосуға Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов, Нұра ауданының прокуроры Эльдар Тұрсынов, Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Дархан Такишев, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.

Конференция барысында өткен 2025–2026 оқу жылының қорытындылары сараланып, ауданның білім беру жүйесінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер талқыланды. Сонымен қатар жаңа оқу жылына қойылатын негізгі міндеттер мен білім сапасын арттыру бағыттары айқындалды.

Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Дархан Такишев білім беру саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту, инклюзивті білім беруді жетілдіру, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қосымша біліммен қамтуды кеңейту мәселелері бойынша баяндама жасады.

Бүгінде ауданда 29 мектепте 3,5 мыңнан астам оқушы білім алуда. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 60 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға өскен. Ауданда 725 педагог еңбек етсе, олардың 71 пайызы жаңа форматтағы біліктілік санаттарына ие. Ал жаңа оқу жылында 175 педагогтің біліктілігін арттыру курстарынан өтуі жоспарланған.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы ауданның білім беру ұйымдарын ұстау және дамытуға 7 млрд 702 млн 721 мың теңге бөлініп, 10 мектеп пен 1 бөбекжай-балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ конференция барысында инклюзивті білім беруді дамыту, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді пайдалану, оқушылардың кәсіби бағдарын күшейту, техникалық және кәсіптік біліммен сабақтастықты дамыту мәселелеріне басымдық берілді.

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев 2026–2027 оқу жылындағы оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне тоқталып, білім беру жүйесінің алдына қойылған міндеттер мен алдағы кезеңдегі басым бағыттарды атап өтті.

Өз кезегінде Нұра ауданының прокуроры Эльдар Тұрсынов жаңа Конституцияның қоғамдағы орны мен негізгі құндылықтарына тоқталып, өскелең ұрпаққа құқықтық тәрбие берудің және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Конференция аясында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаз еңбегінің жас ұрпақтың қалыптасуындағы ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар білім сапасын арттыру, педагогтерді қолдау, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру және балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Іс-шара барысында аудан әкімі білім беру ұйымдары ұйымдастырған көрмелермен танысты. Көрмелерде мектептер мен балабақшалардың оқу-тәрбие үдерісіндегі заманауи тәсілдері, шығармашылық және жобалық жұмыстары, цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі, оқушылар мен педагогтердің жетістіктері таныстырылды.

Жиын соңында білім беру саласына елеулі үлес қосып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген бірқатар педагогтер мен сала қызметкерлері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.

Жаңа 2026–2027 оқу жылында ауданның білім беру саласының негізгі басымдықтары – білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, инклюзивті және қосымша білім беруді жетілдіру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану болмақ.

Білім беру саласының өкілдері үшін дәстүрлі тамыз конференциясы өткен оқу жылына қорытынды жасап қана қоймай, жаңа оқу жылындағы ортақ мақсаттар мен міндеттерді айқындаған маңызды алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1279914?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді