Адам капиталы, білім және ел болашағы: Астанада Тамыз конференциясы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Астана қаласында дәстүрлі Республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Биылғы педагогтер форумы «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды.

Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, білім беру саласын дамытудың және адами капиталды нығайтудың стратегиялық бағыттарына тоқталды.

Президент жаңа Халық Конституциясының тарихи маңызына ерекше назар аударып, білім, ғылым, инновация және адам капиталын дамыту мәселелерінің елдің ұзақ мерзімді дамуындағы айрықша рөлін атап өтті.

Бүгінде білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды енгізу – уақыт талабы. Осы ретте мектептерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру, оқу үдерісін жаңғырту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.

Мемлекет басшысы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздардың еңбегіне жоғары баға берді. Ұлы ойшыл Абайдың тағылымды сөздерін мысалға ала отырып:

«Адамның адамдығы – жақсы ұстаздан», – деген ұлағатты ойды алға тартты.

Ұстаз – білім мен тәрбие беріп қана қоймай, баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін, елдің болашағын тәрбиелейтін маңызды тұлға. Бүгінгі педагогтің еңбегі – ертеңгі қоғамның интеллектуалдық және рухани әлеуетінің негізі.

Сондықтан білім беру саласындағы әрбір жаңашылдықтың, әрбір жетістіктің артында ұстаздың маңдай тері мен кәсіби ізденісі тұр.

Осы орайда, еліміздің білім беру жүйесін дамытуға зор үлес қосып жүрген барша педагогтерге алғысымызды білдіреміз!

Құрметті ұстаздар!

Сіздерді келе жатқан жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерге, шығармашылық ізденістерге және жарқын бастамаларға толы болсын!

Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз білімді де білікті, саналы да отаншыл азамат болып қалыптассын! Әрбір шәкіртіңіздің жетістігі сіздердің еңбектеріңіздің лайықты жемісі болғай!

Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция.

Жаңа оқу жылында баршаңызға зор денсаулық, кәсіби табыс, шығармашылық шабыт және толағай жетістіктер тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control-karaganda/press/news/details/1280514?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді