Абай облысында 30 мыңнан астам ата-ананы біріктірген «Ата-ана қалқаны» семинар-форумы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысында облыстық терроризмге қарсы комиссияның үйлестіруімен «Ата-ана қалқаны» семинар-форумы ұйымдастырылды. Іс-шара өңірдегі 305 мектепте өтіп, 5-11 сынып оқушыларының 30 мыңнан астам ата-анасын қамтыды.
Форум ата-аналарды, психология, білім беру және ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандарын, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдерін біріктірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты – ата-аналарды ақпараттандырумен қатар, алаңдатарлық белгілерді дер кезінде анықтап, дұрыс әрекет етуге арналған нақты практикалық құралдар ұсыну.
Форумды Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков ашып, өз сөзінде мұндай іс-шараларды өткізу – уақыт талабы әрі ата-аналар, педагогтер мен балалар арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
Іс-шараның қорытынды бөлімі Семей қаласында өтіп, оған теолог мамандар, психологтер, ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары мен полиция қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістер, кибергигиена негіздері, деструктивті идеологияларға тартылу белгілері мен олардың таралу жолдары, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік мәселелері туралы ақпарат берілді.
Форумның негізгі бөлігі тақырыптық алаңдар форматында ұйымдастырылды. Ата-аналарға балалардың мінез-құлқындағы өзгерістер мен қауіптің алғашқы белгілері, жасөспірімдерді деструктивті идеологияларға тарту әдістері туралы түсіндіріліп, кибергигиена негіздері, ата-ана бақылауының қағидалары және әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік шаралары таныстырылды.
Форумның практикалық бөлігінде нақты жағдайлар талданып, түрлі жағдайларда әрекет ету алгоритмдері пысықталды. Іс-шара қорытынды сауалнамамен аяқталып, қатысушыларға негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар ұсынылды.
Ата-аналардың бірі Алия Смагулова: «Қазіргі таңда балалар балалар көп уақытын интернет пен әлеуметтік желіде өткізеді. Сондықтан ата-аналар үшін заманауи қауіп-қатер туралы білу өте маңызды. Форум өте пайдалы болды деп олаймын. Неге мән беріп, қалай әрекет ету қажет екендігін қолжетімді тілде түсіндіріп берді. Мен үшін, әсіресе, киберқауіп пен балаларды әлеуметтік желіде қорғау жолдары туралы мағлұмат құнды болды.», – деп өз ойымен бөлісті.
Кездесулер барысында мамандар жастар арасындағы радикалдану мәселелері туралы ақпараттандыруды арттыруға, сондай-ақ буллингті, оның салдары мен белгілерін тану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ашық диалогтар өткізді.

Материал Абай облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1280512?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді