
Мақтаарал ауданында мақта шикізатын терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орны бой көтеруде. Аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округі, Игілік елді мекенінде орналасқан «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты.
Жаңа кәсіпорынның құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу көзделіп отыр.
Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс нәтижесінде нарыққа мақта майы ұсынылады. Бұл, ең алдымен, ауданда өсірілетін мақта өнімін тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға жол ашады.
Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Зауытты іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған, жер учаскесі қажетті мақсатқа пайдалануға дайындалған. Кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.
Өндірістік кешеннің құрылысында заманауи технологиялық шешімдерге басымдық берілген. Қазіргі таңда зауыт аумағында өндірістік ғимараттар, технологиялық желілер мен қажетті инженерлік нысандар бой көтеріп, жабдықтарды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Мақтаарал – мақта шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді» – деді, аудан әкімі.
Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнатып, өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1280847?lang=ru

Жауап қалдыру