Ел намысын халықаралық додада абыроймен қорғап, көк байрағымызды көкке көтерген спортшылардың әрбір жеңісі – барша халыққа ортақ қуаныш. Ал туған жерінің атын әлемдік аренада танытқан жерлестеріміздің жетістігі – ауданымыз үшін айрықша мақтаныш.
Словакияның Братислава қаласында өткен еркін күрестен U20 әлем чемпионатында Төлеби ауданының тумалары, ағайынды Нұрасыл және Бекасыл Асамбектер ел намысын абыроймен қорғап, дүбірлі додада жүлдеге ие болды.
57 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Асамбек қола жүлдені иеленсе, 61 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Асамбек күміс медальға қол жеткізді.
Қос балуанның әлемдік додадағы жарқын жеңісі – ел мерейін асқақтатқан елеулі жетістік. Осыған орай аудандық мәдениет үйінің алаңында ағайынды спортшыларды құрметтеуге арналған салтанатты шара өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев жас балуандарды жеңісімен құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Жанғали Мәуленов Нұрасыл мен Бекасыл Асамбектерге және олардың әкесі әрі бапкері Мықтыбек Асамбекұлына аудандық мәслихаттың Грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Салтанатты шара барысында қос балуанға қаржылай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар ҚР Күрес түрлері федерациясының президенті Еркін Оқасов пен Түркістан облыстық Күрес түрлері федерациясының төрағасы Нұрбол Еребаевтың атынан ағайынды спортшыларға жаңа автокөлік сыйға тартылды.
Ағайынды Асамбектердің әлем чемпионатындағы жүлдесі – маңдай тер мен табанды еңбектің, жігер мен қажырдың нәтижесі. Қос балуанның биік белесті бағындыруы – Төлеби ауданының ғана емес, күллі елдің мерейін үстем еткен айтулы жетістік.
Бұл жеңіс жас спортшыларға зор жігер беріп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашары сөзсіз. Ағайынды Асамбектердің жеңісі – кейінгі буынға үлгі, ел спортына қосылған үлкен үлес.
Жауап қалдыру