
ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында барша ата-анаға, оқушылар мен ұстаздарға үндеу жолдайды.
Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет.
Оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізеді. Мектепке өздері барып-қайтады, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады. Сондықтан ІІМ жолдағы қауіпсіздік ережелерін тағы да еске салады.
Жаңа оқу жылына барлық мектептің маңындағы жол қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстар жүргізілді. Балаларды тасымалдайтын автобустар да толық тексеруден өтті. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар берілді. Олар оқу жылы басталғанға дейін жойылады.
ІІМ ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Балаларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдан өтер кезде телефонды пайдаланбау және құлаққапты шешу, айналаға мұқият қарау қажеттігін ескертеді. Велосипед, мопед немесе электросамокат мінген кезде Жолда жүру қағидаларын сақтау маңызды.
Ата-аналарға баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын біліп жүру және балалармен жиі сөйлесу ұсынылады. Бала қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасынан қорған табатынына сенімді болуы керек. Егер балаға қауіп төніп тұрса, ІІМ “102” нөміріне немесе “111” байланыс орталығына хабарласуға шақырады.
Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Ведомствоның атап өтуінше, ортақ міндет – қауіпті жағдайлардың алдын алып қана қоймай, балаларға қауіп-қатерді дер кезінде танып, көмек сұрауды үйрету. Полиция барша ата-ананы балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1280916?lang=ru

Жауап қалдыру