
Қызметтегі алғашқы қадам: ШҚО ПД-да жас қызметкерлерге аға буын әріптестердің тәжірибесі берілді
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ішкі істер органдарындағы қызметтің басталуына арналған жас қызметкерлер семинары өтті. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды — қатысушылар сұрақтар қойып, алғашқы қиындықтарды талқылады және басшылық пен тәжірибелі әріптестерден тәжірибелік кеңестер алды.
ШҚО ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов қызметтің алғашқы жылдарында жанында ақыл сұрайтын тәлімгердің болуы ерекше маңызды екенін атап өтті. Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов кәсіби тәжірибе мен қолдау көрсетудің маңызына тоқталса, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ержан Тлегенов аға буын қызметкерлерінің жинақтаған білімінің құндылығын жеткізді.
Кездесудің практикалық бөлімі жас мамандардың қызметтің басында кездесетін өзекті мәселелеріне арналды. ШҚО ПД Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгүл Базикенова әлеуметтік кепілдіктер мен тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтып өтті. Ал аға инспектор-психолог Альмира Ермағанбетова психологиялық бейімделу, қызметтік жүктеме және ұжымдағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне тоқталды.
Шара соңында жас қызметкерлер мамандарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Мұндай кездесулер жас мамандарға мамандықтың қыр-сырын тез меңгеріп, үлкен ұжымның бір бөлшегі екенін сезінуге көмектеседі. Аға буыннан жас мамандарға берілетін тәжірибе қызмет жолының басында сенімді тірек болып, өз кәсіби қолтаңбасын қалыптастыруға жол ашады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1281339?lang=ru

Жауап қалдыру