«Мектепке жол»: балаларға қамқорлық көрсету – әскери қызметшілердің игі дәстүріне айналды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің барлық өңірлік бөлімшелерінде республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр.

Бұл акция әскери қызметшілер үшін игі дәстүрге айналды. Оның басты мақсаты – балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға жәрдемдесіп, 1 қыркүйекті көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға көмектеседі.

Білім күні қарсаңында әскери қызметшілер әріптестерінің отбасыларына қолдау көрсетіп, мектеп оқушыларына оқу жылына қажетті заттарды алып берді. Акция аясында балаларға сөмкелер, кеңсе тауарлары, мектепке қажетті керек-жарақтар және басқа да пайдалы сыйлықтар табысталады.

Мұндай жұмыстар еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдер мен бөлімшелерде өтіп жатыр. Әскери қызметшілер балалардың мектепке қажетті заттарын дайындауға көмектесумен қатар, оқу жылының басталуын ерекше сәтке айналдырып, бірінші сыныпқа баратын оқушыларды арнайы құттықтап, оларға оқуда табыс тіледі.

Қонаев гарнизонында Әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері балалармен жеке кездесіп, оларды алдағы Білім күнімен құттықтады. Балаларға оқу жылының алғашқы күндерінен бастап қажет болатын мектепке қажетті керек-жарақтар табысталды.

97616 әскери бөлімінде де акцияға қатысушы бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлінді. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын әскери қызметшілердің балаларына айрықша назар аударылды. Болашақ бірінші сынып оқушыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталып, өмірлерінің жаңа кезеңін сеніммен бастап, жақсы оқып, жетістіктерімен ата-аналарын қуантуға тілектестік білдірілді.

Көптеген балалар үшін мектепке дайындық – жаңа кездесулер, білім мен жаңа әсерлер күтетін ерекше кезең. Сондықтан әскери қызметшілер тарапынан көрсетілген қолдау әр баланың есінде көпке сақталары анық.

«Мектепке жол» акциясы әскери ұжымның тек қызмет атқарып, қойылған міндеттерді орындаумен шектелмейтінін көрсетеді. Ол әскери ұжымдағы – өзара қолдау, отбасыларға қамқорлық таныту және балаларға көңіл бөлу сияқты  құндылықтардың маңызын тағы бір көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1281362?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді