
Бүгін Талдықорған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарға құрмет көрсетуге арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шара барысында қала әкімі Ернат Бәзіл көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстап, олардың отбасы тәрбиесі мен қоғамдағы еңбегін атап өтті.
Марапатқа барлығы 9 көпбалалы ана ие болды. Оның ішінде 2 анаға «Алтын алқа», 7 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген қала әкімі аналардың отбасы құндылықтарын сақтаудағы және саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне тоқталды.
– Ана отбасының берекесі мен ұрпақтың тірегі. Баланың тәрбиесі мен шаңырақтың берекесін қатар алып жүрген әрбір ананың еңбегі құрметке лайық. Бүгінгі марапат сіздерге деген ел ықыласының белгісі. Отбасыларыңызға амандық, балаларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Марапат иелерінің атынан сөз сөйлеген көпбалалы ана Бейсенбаева Нұргүл бұл марапаттың өзі үшін үлкен қуаныш екенін айтып, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
– Ана үшін балаларының амандығы мен отбасының тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі марапат біздің күнделікті еңбегімізге көрсетілген құрмет деп білемін. Осындай қолдау мен ілтипат үшін алғысымды білдіремін, – деді Нұргүл Бейсембаева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1281445?lang=ru

Жауап қалдыру