Қазақстандық Жандос Сауыт «Coupe Mondiale 79» байқауының жеңімпазы атанды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада баяншылар мен аккордеоншылардың «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы аяқталды. Негізгі аталымда Қазақстан атынан қатысқан Жандос Сауыт жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Scythians триосы «Әлемдік музыка ансамблі» аталымында бірінші орын иеленіп, ел қоржынына тағы бір жүлде салды.

Байқауға 16 елден 153 өнерпаз қатысты. Олардың 40-ы Қазақстан атынан бақ сынады. Жалпы жүлде қоры 16 млн теңгені құрады.

Байқау қорытындысында жеті аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Классикалық музыка ансамблі» аталымында ресейлік Siberian Bayan Quartet ұжымы бірінші орын алды. «Жасөспірімдер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық» аталымында италиялық Давиде Ди Джакомо, «Жасөспірімдер арасындағы Coupe Mondiale» аталымында жапониялық Фута Мидзутани жеңіске жетті. «Ересектер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық» аталымында Босния және Герцеговина өкілі Джордже Перич үздік атанса, «Coupe Mondiale шеберлері» аталымында ресейлік Тимур Сетраков топ жарды.

Қатысушыларға арнайы жүлделерді Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини табыстады. Концерт бағдарламасында жеті аталымның жеңімпаздары да өнер көрсетті.

Қорытынды концертте ұлттық музыка мен әлемдік классика туындылары орындалды. Байқау жеңімпаздарымен бірге сахнаға «Қазақконцерттің» әртістері мен шығармашылық ұжымдары шықты. Сонымен бірге 40-тан астам баяншы Құрманғазының «Адай» күйін бірге орындады. Салтанатты кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Байқау тек өнер додасымен шектелмей, мазмұнды шығармашылық бағдарламамен жалғасты. 2021 жылғы «Coupe Mondiale» жеңімпазы Олжас Нұрланов жеке концертін берсе, Қазақстан мен шетелден келген белгілі музыканттар шеберлік сабақтарын өткізді. Қатысушылар кәсіби тәжірибе алмасып, түрлі орындаушылық мектептердің ерекшеліктерімен танысты.

Халықаралық байқауға барлығы 147 өтінім түсті. Оның 126-сы жеке орындаушылардан, 21-і ансамбльдерден қабылданды. Сондай-ақ Астанаға Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының 46 делегаты келді. Қазылар алқасының құрамында түрлі елдердің баян және аккордеон өнерінің жетекші өкілдері болды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1281742?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді