
Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жалғасуда. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 100%, сол сияқты көп қабатты тұрғын үйлердің 98% дайын, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жылыту маусымына дайындық барысында жылумен жабдықтау сумен жабдықтау жүйелерін, электр желілерін және трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу, қажетті отын қорын қалыптастыру, сондай-ақ тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығын қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар қабылдануда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жылу желілері мен энергетика нысандарын дайындау барысында 2 турбина, 15 қазандық жөнделуде. Жоспарланған 10,4 шақырым жылумен жабдықтау желісінің 6,9 шақырым жөнделді. 55,6 шақырым сумен жабдықтау желісі толық жөндеуден өтті. Сол сияқты 558 шақырым электр желілерін және 52 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы ретте Ұлттық жоба аясында Талдықорған қаласында 4,9 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланған. Оған қоса Талдықорған қаласындағы жылумен жабдықтаудың жаңа нысандары салынуда. Мәселен, қаланың Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қуаты сағатына 49 Гкал болатын қазандықтың және жылу желілерінің құрылысы жалғасуда. Бұл нысандардың құрылысы биылғы жылдың қазан айына аяқталады деп жоспарланған.
«Сонымен қатар Талдықорған және Текелі қалаларында жеке инвестициялар есебінен жалпы қуаты 118 Гкал/сағ. болатын газ турбиналық станциялар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Одан бөлек, аталған жобалардың аясында жалпы көлемі 137 МВт болатын электр қуатын іске қосу көзделген», – дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – жеткілікті көлемде отын қорын қалыптастыру. Жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар 300 мың тонна көмір және 6,4 мың тонна мазут дайындап, жоспарланған көлем толық қамтылды.
Бюджеттік ұйымдар үшін 15,1 мың тонна көмір, 10,2 млн литр сұйық отын сатып алынды. Бүгінгі таңда облыс халқына 50,3 мың тонна көмір сатылды.
«Көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау ерекше назарымызда. 1 703 көпқабатты тұрғын үйдің 1 676-сы немесе 98% дайындалды. Бюджет саласының 1 294 нысаны толық дайын, оның 609-ы білім беру, 360-ы денсаулық сақтау саласының нысаны», – деді А. Бекетаев.
Жалпы, Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр және облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Алдағы жылыту маусымын тұрақты әрі үздіксіз өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-balpyk/press/news/details/1281950?lang=ru

Жауап қалдыру