Болат Ақшолақов Құрманғазы ауданында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалармен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен Құрманғазы ауданына барды. Аймақ басшысы тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысына, жол инфрақұрылымын, спорт пен өнеркәсіпті дамытуға, мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктін жаңарту жұмыстарына баса назар аударды.

Әкім әуелі Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қадырка ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге барды. Үш қабатты ғимараттың құрылысы 2024 жылы басталған. Бүгінде нысанды пайдалануға беруге қатысты құжаттарды рәсімдеу аяқталуға таяу.

Өңір басшысы құжаттарды жедел арада рәсімдеп, тұрғындар мейлінше тезірек жаңа пәтер алуы үшін барлық процедураның ашық жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Әлеуметтік саладағы маңызды нысанның бірі — “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп. Ғимарат үш қабатты, оқу екі ауысымда ұйымдастырылады. Білім беру мекемесінде 52 оқу кабинеті, спорт және хореография залдары, STEM-зертхана және инклюзивті білім беруге арналған бөлмелер бар.

Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, мектепте 87 педагог жұмыс істейді.

— Қазірдің өзінде 820 баланы мектепке қабылдау туралы өтініш түсті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 80-нен астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 1 қыркүйекте білім ордасы алғашқы шәкірттерін қабылдайды деп отырмыз,— деді Абат Жанғалиев.

Облыс әкімі оқу жылы басталғанша әр ғимараттың, инженерлік желілер мен мектепке іргелес аумақтың дайындығын тексеруді тапсырды.

Ауданның спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Болат Ақшолақов Құрманғазы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жобасымен танысты. Жұмыс 2022 жылы басталған, бірақ мердігер міндеттемелерін орындамағандықтан келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта жоба түзетілу үстінде, нысан шамамен 70 пайызға дайын.

Стадион қайта жаңартылған соң 500-ге дейін көрермен қабылдай алады. Нысанда футбол, баскетбол алаңдары, секіруге арналған сектор, трибуналар және күрес, жаттығу залдары мен медициналық пункті бар әкімшілік ғимарат болады.

— Стадион құрылысын аяқтау қажет. Ауданда мықты футбол командалары, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген балалар бар. Инфрақұрылым мен жағдай сол әлеуетке сай болуы тиіс. Балалардың спортпен өз ауданында айналысатын мүмкіндігі болуы керек,— деді Болат Ақшолақов.

Құрманғазыға сапар кезінде полицияның материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі де көтерілді. 1972 жылы салынған аудандық полиция бөлімінің ғимаратының бүгінде тозығы жетіп тұр. Оны бұзып, бөлімді бұрынғы аурухананың бос тұрған ғимаратына көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Полиция полковнигі Амангелді Ізмағанбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда 75 бейнебақылау камерасы бар, қосымша тағы 400 камера орнату жоспарланған.

Өңір басшысы полиция бөлімінің жаңа ғимараты бойынша қауіпсіздік пен жұмыс процесін ұйымдастырудың заманауи талаптары ескерілген нақты жобалық шешімдер ұсынуды тапсырды.

Облыс әкімі жол инфрақұрылымына қатысты жобаларға да ерекше назар аударды. Аймақ басшысына Дәшін ауылындағы ұзындығы 22 шақырымдық кіреберіс және ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту жобасы таныстырылды. Негізгі жолдарға қиыршық тас-құм төселген, жұмыстарды аяқтап, асфальт төсеуге қосымша қаржы қажет.

Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, бұған қоса, Құрманғазы ауылында Шарон өзені арқылы өтетін көпір салу жоспарланып отыр.

— Ол “Шипажай” және “ПМК”шағынаудандарын байланыстырып, көлік легін тіке айналма жолға бағыттауға мүмкіндік береді. Жобада ұзындығы 107 метрлік көпір, тротуары бар, жарықтандырылған 1 шақырым ауылішілік жол салу, сондай-ақ өзен жағалауларын бекіту көзделген, — деді Әсет Оразғалиев.

Әкім бұдан кейін Орлы ауылындағы 18 шақырымдық ішкі жолдарды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жоба түзетіліп, бұған дейінгі бөлек жол учаскелері өзара біріктірілген. Бүгінде жолдың 9 шақырымы тегістеліп, топырақ төселген. Техникалық база мен асфальт зауыты толық дайын, 4 шақырым жолға жететін асфальт қоры бар.

Аймақ басшысы Шортанбай ауылындағы балық өңдеу зауытын да назардан тыс қалдырған жоқ. Кәсіпорын бүгінде қайта жаңғыртылып жатыр. Тарихы 1936 жылдан бастау алатын кәсіпорынды жаңартуды «СевКаспийФиш» ЖШС қолға алған. Жоба аясында зауыт аумағында балық өңдеу, консервілеу және ыстау цехтарын, қойма ғимараттарын қамтитын 12 нысан салынуда.

Кәсіпорынның модернизациядан кейінгі өндірістік қуаты жылына 96 мың тоннаға жетеді. Сонымен қатар жылына 5 миллионға дейін балық консервісін өндіру жоспарланып отыр.

— Бүгінде мұздату цехы жұмыс істеп тұр, ескі ғимараттар бұзылды, қойма және мұздалған, кептіріліп-тұздалған балық сақтайтын ангарлар салып жатырмыз. Сондай-ақ тәулігіне 30 тоннаға дейін мұз шығаратын, жыл бойы жұмыс істейтін өндірісті жолға қоймақпыз, — дейді компания басшысы Саламат Омаров.

Облыс әкімі құрылыс қарқынын арттырып, жұмыстарды белгіленген уақытта аяқтауды тапсырды. Кәсіпорынның жаңғыртудан кейін толық жүктемемен жұмыс істеп, ауылды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі маңызды екенін де атап өтті.

Келесі нысан — Бөкейхан ауылындағы “Құрманғазы” халықаралық автомобиль өткізу пункті. Нысанда кең ауқымды қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 9 гектар аумақта екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінде нысанда 74 адам және 14 техника бар.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғасын жеңіл, жүк және ірі габаритті көліктерге арналған 7 жолақ ашылады. Жобада шекараның Қазақстан аумағындағы учаскесіндегі көпірге орташа жөндеу жүргізу көзделген.

8 гектарлық сервистік аймақта электронды кезек жүйесімен жабдықталған 270 жүк және 20 жеңіл автокөлікке арналған автоматтандырылған тұрақ салынады.

Облыс әкімі жобаны іске асыру кезінде нысанды су тасқынынан қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынымдарын ескеруді тапсырды.

— Шешімдерде тек бүгінгі жағдай ескеріліп қоймауы керек. Нысан пайдалануға берілген соң сенімді, проблемасыз жұмыс істеуі үшін қауіпсіздік, инженерлік инфрақұрылым және су тасқынынан қорғау мәселелері алдын ала қарастырылуы қажет, — деді Болат Ақшолақов.

Аймақ басшысы сапар соңында Сафонов ауылдық округінің Затон учаскесіне апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұған бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер анықталған. Бірақ мердігердің жауапсыздығы салдарынан жұмыс уақытында аяқталмай, келісімшарт заңнамаға сәйкес бұзылған.

Облыс әкімі қысқа мерзімде жобаны әзірлеп, жолдың реконструкциясына кірісуді жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1282095?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді