
Кентау қаласында көрнекті кенші, мемлекет және өндіріс қайраткері, елдің өндірістік дамуына елеулі үлес қосқан Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған «Еңбегімен елге танылған тұлға» тақырыбында конференция өтті.
Тағылымды шараның мақсаты – саналы ғұмырын кен өндірісінің дамуына арнаған ардақты азаматтың өмір жолын, кәсіби және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттау, оның ел тарихындағы айрықша орнын кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Конференция басталмас бұрын Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылып, онда кенші ардагердің Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына қосқан үлесін айшықтайтын құнды деректер мен материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушыларға Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұлов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Кентау қаласының зиялы қауым өкілдері, ардагер кеншілер, өндіріс саласының мамандары жастар және қала тұрғындары қатысты.
Конференцияға ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым модераторлық етті.
Жиында Сақ Мәуленқұловтың еңбек жолы, өндіріс саласындағы қызметі, қоғамдық-саяси өмірдегі орны және Кентау қаласының дамуына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.
Конференция барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «QazIndustry» АҚ тәуелсіз директоры, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қылышбек Ізбасханов «Өндіріс алыбынан Жоғарғы Кеңес мінберіне дейін: Сақ Мәуленқұловтың тарихи тұлғасы және қоғамдық-саяси мектебі» тақырыбында баяндама жасады. Техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Досанбай Бекбергенов «Ащысай полиметалл комбинаты мен Байжансай кенішінің игерілу тарихы және С. Мәуленқұловтың тау-кен саласындағы мұрасы» тақырыбында ой бөлісті.
Ал Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанар Қонай «Ғасырлық із, ұрпаққа мұра» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның өнегелі өмірі мен тарихи мұрасының маңызына тоқталды.
Баяндамалар барысында Сақ Мәуленқұловтың Ащысай полиметалл комбинатының дамуына қосқан үлесі, өндірісті ұйымдастырудағы тәжірибесі, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі қызметі және кейінгі буынға қалдырған өнегесі туралы тың деректер айтылды.
Жиын соңында кен өндірісі саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, Кентаудың дамуына үлес қосқан ардагерлерге «Сақ Мәуленқұлов – 100 жыл» мерейтойлық төсбелгілері табысталды.
Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған конференция – Кентаудың өндірістік тарихын жасаған тұлғаларды ұлықтап, олардың өнегелі жолын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың елге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды шара болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1282180?lang=ru

Жауап қалдыру