
Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы және жаңа Тамақтану стандартының сақталуы туралы Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Оқушылардың тамақтануының сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол қант пен тұз мөлшерін азайтуды, көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды, сондай-ақ мәзірден шұжық өнімдерін, ысталған өнімдерді, спредтерді және құрамында қант пен тұзы жоғары басқа да өнімдерді алып тастауды көздейді. Құрамында қанты бар сусындар мен шырындардың орнына су, сүт және қышқыл сүт сусындары ұсынылады.
2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылармен бірлесіп балалардың жас ерекшелігі, тағамның калориялылығы және рационның маусымдылығы ескеріліп, үлгілік мәзірдің 6 нұсқасы әзірленді. Олардың негізінде барлық өңірлерде перспективалық мәзірлер бекітілді.
Бұл ретте Тамақтану стандарты бір реттік шара емес, тұрақты тәсіл болып табылады, ол мәзірді қалыптастырудан және өнімдерді сатып алудан бастап, оларды сақтау мен дайындауға дейінгі барлық кезеңдерде сақталуы тиіс.
Мемлекеттік бақылауды күшейтуге де ерекше назар аударылуда. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, балалар болатын объектілерге мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың ерекше тәртібі қолданылады. Жаңа тетік аясында объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізу және алдын ала хабарламай кенеттен тексерулер жүргізу көзделген.
Ағымдағы жылдың маусым айында мониторингпен мектептердің 99%-ы (7 121), мектеп асханаларының 95%-ы (6 338), медициналық пункттердің 96%-ы (6 256) және мектеп-интернаттардың 99,2%-ы (262) қамтылды. Анықталған бұзушылықтар бойынша 8 400 нұсқама беріліп, 287 жедел ден қою шарасы қабылданды, оның ішінде қызметіне тыйым салу туралы 247 және қызметін тоқтата тұру туралы 40 қаулы шығарылды. 25 тамыздағы жағдай бойынша нұсқамалардың 90,6% орындалды.
Мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі шеңберінде қабылданған шаралардың арқасында 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша білім беру объектілеріне байланысты тіркелген тамақтан улану жағдайларының саны 8-ден 2 жағдайға дейін азайды, ал зардап шеккен балалардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118-ден 13-ке дейін төмендеді.
Білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау тұрғысынан дайындығын тексеру оқу жылы басталғаннан кейін де жалғасады. Негізгі міндет – берілген нұсқамалардың толық орындалуын қамтамасыз ету, анықталған бұзушылықтарды жою, ғимараттар мен инженерлік коммуникацияларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, асханалардың санитариялық талаптарға сәйкестігін сақтау және жаңа Тамақтану стандартын сөзсіз орындау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1282206?lang=ru

Жауап қалдыру