
Әл-Фараби мен Конфуций Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру ынтымақтастығының символына айналды
Астана Халықаралық университетінде «Әл-Фараби мен Конфуций: ұлы ойшылдар сұхбаты» атты мүсіндік композицияның ашылу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген композиция Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына тарту етілді. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы нығая түскен мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстарды бейнелейді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь және BLCU вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь қатысты.
Қазақстан Қытаймен жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Бүгінде екі елдің өзара ықпалдастығы дәстүрлі академиялық алмасу аясынан шығып, жаңа мазмұнмен толығып жатыр. Академиялық ұтқырлық дамып, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер жүзеге асырылуда, студенттер мен жас ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
«Қазақстанда Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының ашылуы – осы жаңа кезеңнің жарқын мысалы. Біздің міндетіміз – университеттердің қазақстандық және қытайлық жастар бір-бірін танып қана қоймай, болашаққа арналған шешімдерді бірлесіп қалыптастыратын ортаға айналуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Әл-Фараби мен Конфуцийдің адамзат үшін ортақ құндылықтарға негізделген мол интеллектуалдық мұрасы бар. Олардың ілімінің өзегінде білім мен даналыққа ұмтылу, білімге құрмет, адамгершілік қағидаттарға адалдық және үйлесімді әрі өркендеген қоғам құруға деген ұмтылыс секілді құндылықтар жатыр.
Қазақстан астанасында мүсіндік композицияның орнатылуы екі ұлы ойшыл арасындағы сабақтастықты ғана емес, сонымен қатар мәдениеттердің, ұрпақтар мен халықтардың өзара байланысын білдіреді. Мұндай байланыстардың тарихи негізін ғасырлар бойы Қазақстан мен Қытай халықтарын сауда, мәдениет, білім және идеялар арқылы байланыстырған Ұлы Жібек жолы қалыптастырды.
Бүгінде осы тарихи өзара ықпалдастық жаңа мазмұнға ие болып отыр. Екі ел ынтымақтастығының негізгі бағыттарының біріне жоғары білім, ғылым және инновациялар айналып келеді.
Өзара сұхбат пен рухани байыту дәстүрін жалғастыра отырып, Қазақстан мен Қытай білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беріп отыр. Осы тұрғыда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық өркениеттік бастама маңызды мәнге ие. Аталған бастама өркениеттер арасындағы сұхбаттың, өзара тәжірибе алмасудың және мәдени әралуандылықты құрметтеудің маңызын алға тартады.
«Жаһандық өркениеттік бастама теңдік, өзара тәжірибе алмасу, диалог және инклюзивтілік қағидаттарына негізделеді. Ол өркениеттер қақтығысы теориясы мен өркениеттік артықшылық идеяларына қарсы бағытталған. Осы арқылы Конфуцийдің «әртүрліліктегі үйлесім» қағидаты мен әл-Фарабидің бейбіт қатар өмір сүру туралы философиялық ұстанымының рухын үндестіреді», – деп атап өтті ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь.
Іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Перспективалы бағыттардың қатарында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейту, сондай-ақ жас зерттеушілер мен студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бар.
Ашылған мүсіндік композиция студенттер мен оқытушыларға білім мен ғылымның, мәдениетаралық диалогтың маңызын, сондай-ақ ғылым мен жоғары білім саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамытуға жол ашатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі еске салып тұратын нышанға айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1282341?lang=ru

Жауап қалдыру