Семейде ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Бейбітшілік акциясы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Бейбітшілік акциясы өтті.

Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, қоғамдық ұйым өкілдерімен, шет елдік қонақтармен бірге «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды. Ядролық сынақтардың зардабынан қаза болғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Семей ядролық сынақ полигонында қырық жылға жуық уақыт ішінде 456 ядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы әуеде және жер үстінде өткізілді. Ядролық сынақтардың зардабы мыңдаған отбасының тағдырына әсер етіп, бірнеше ұрпақтың жадында ауыр тарихи кезең ретінде сақталды.

Аймақ басшысы Семей полигонының жабылуы Қазақстанның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи таңдауын айқындағанын айтты.

«Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы маңызды датаға орай жариялаған үндеуінде: «Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады», – деп айрықша атап өтті. Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы – өткен қасіретке тағзым етумен қатар, бейбітшілікке деген сенімімізді жаңғыртатын тарихи белес. Тұңғыштар мекені – Семей қаласының бүгіні де, ертеңі де жасампаздықпен сабақтасуы тиіс. Кеше ядролық сынақтардың қасіретін бастан өткерген бұл өлке енді ғылым мен білімнің, жаңа технологиялар мен инновацияның дамуына жол ашатын заманауи орталыққа айналуы қажет. Осы жолда бірге еңбек етейік. Бейбітшілік пен қауіпсіздік әрдайым адамзаттың ең биік құндылығы болып қала бермек», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі өз сөзінде Семей полигонының зардабын ашық көтеріп, антиядролық қозғалысты қолдаған мемлекет және қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевтың еңбегін атап өтіп, жақында ол қызмет атқарған әкімдік ғимаратындағы мәжіліс залдарының біріне тұлғаның есімі берілгенін айтты. Бұл – оның елге сіңірген еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет.

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай өңірде бірқатар ғылыми-танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Құрман Аймұхамбетовтың «Ағашқа қашалған аманат» және Қоңыр Мұхамадиевтің «Жаралы дала» атты жеке шығармашылық көрмелері ашылды. Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми форум өтіп, ғалымдар мен сарапшылар ядролық сынақтардың тарихи сабақтары мен бейбітшілік мәселелерін талқылады. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта «Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі 35 жыл: ядролық сынақтардан – бейбіт атом ғылымына» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Өлімнен де күшті» монументі бүгінде ядролық сынақ қасіретін ғана емес, сол зұлматқа мойымаған халықтың рухын, өмірге деген сенімін және бейбіт болашаққа ұмтылысын айшықтайтын символға айналған.

Акция соңында қатысушылар балалардың бейбітшілік тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарымен танысты.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1282343?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді