Қызылорда қаласында жаңа оқу жылының негізгі басымдықтары айқындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қызылорда қаласында педагогтердің өңірлік тамыз конференциясы аясында білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, білім беру мен тәрбие сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл мектептерін дамыту және жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу мәселелері талқыланды.

Педагогтер қауымы алдында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмила Есанова жаңа оқу жылы адами капиталды дамытуға және білімді, жауапты әрі белсенді азаматтар ұрпағын қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістер кезеңінде басталып отырғанын атап өтті.

«Білім беру жүйесінің басты міндеті – әрбір балаға қолжетімді әрі сапалы білім алуды қамтамасыз ету, оның жан-жақты дамуына қажетті мүмкіндіктерге жағдай жасау және заңдылық, адал еңбек пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру».

Жаңа оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте шамамен 4,1 млн оқушы білім алады. Бұл ретте ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамытуға, білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және білім берудегі теңсіздікті қысқартуға  ерекше назар аударылуда.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу жаңа бағыттардың бірі болмақ. Пилоттық режимде жасанды интеллект Қызылорда және Павлодар облыстарының 10 шағын жинақты мектебінде математика, цифрлық сауаттылық және тілдік пәндер бойынша енгізіледі. Алдағы уақытта жобаны 500 мектепке дейін кеңейту, ал 2027 жылғы қыркүйектен бастап еліміздегі барлық 2600 шағын жинақты мектепке енгізу жоспарлануда.

Баяндама барысында әрбір балаға, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде елімізде 540 арнайы ұйым жұмыс істейді, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 213,7 мың бала қамтылған. «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында балалардың құқықтарын қорғау және білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету жүйесі одан әрі күшейтілуде.

Қазақстандық оқушылардың халықаралық жетістіктері де атап өтілді. Өткен оқу жылында оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1059 медальға иеленді.

Қазақстан құрамасының Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында бес алтын медальға иеленуі – еліміздің олимпиадалық қозғалысы тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі болды.

«Бұл нәтижелер – балаларымыздың дарынының ғана емес, сонымен қатар педагогтер, тәлімгерлер мен білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби еңбегінің көрсеткіші болып табылады», – деп атап өтті Жәмила Есанова.

Педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту және тәрбие жұмысын жетілдіру де білім беру саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы еліміздің барлық білім беру ұйымдарында іске асырылуда. Оны енгізу бойынша 110 мыңнан астам педагог даярлықтан өтті.

Конференция барысында Қызылорда облысының білім беру жүйесіндегі оң нәтижелер де атап өтілді. Атап айтқанда, түлектердің жетістіктері, оқушылардың олимпиадалардағы нәтижелері, білім сапасының артуы және өңір педагогтерінің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі.

Жиын соңында Комитет төрағасының орынбасары Жәмила Есанова Қызылорда облысының педагогтер қауымына кәсібилігі мен мемлекеттік білім беру бастамаларын іске асыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control/press/news/details/1282449?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді