
Қазақстан мен Үндістан білім беру және құқық қорғау саласында кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр
Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы мен NFSU Ұлттық сот ғылымдары университеті (Үндістан, Гандинагар қаласы) арасындағы қос дипломды білім беру бағдарламаларының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ағымдағы оқу жылында магистратура бағдарламаларына 20 білім алушы қабылданды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің м.а. Ержан Саденов, NFSU филиалдарының директорлары Навин Кумар Чаудхари мен Пурви Покхариал, сондай-ақ NFSU Ми зерттеу зертханасының жетекшісі Четан Мукундан қатысты.
NFSU Ұлттық сот ғылымдары университеті – сот-сараптама ғылымдары, цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік және сабақтас бағыттарға маманданған Үндістандағы арнаулы жоғары оқу орны. Үндістан қылмыстарды тергеу және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында заманауи технологияларды қолдану бағытында мол халықаралық тәжірибеге ие.
Жаңа білім беру жобасы заманауи халықаралық стандарттар мен технологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, құқық қорғау саласының басшылары мен бейінді мамандарын даярлауға бағытталған. Киберқауіптердің артуы, құқық қорғау қызметін цифрландыру және жасанды интеллектіні белсенді енгізу жағдайында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Білім беру «Құқық қорғау қызметі», «Цифрлық криминалистика және ақпараттық қауіпсіздік» және «Киберқауіпсіздік» бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Бағдарламалар цифрлық технологияларды, криминалистикалық талдаудың заманауи әдістерін, құқық қорғау органдарына арналған IT-шешімдерді, сондай-ақ басқару және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін тереңдетіп оқытуды көздейді.
Жобаның басты артықшылықтарының бірі – екі диплом алу мүмкіндігі. Білім беру бағдарламасын ойдағыдай меңгерген түлектер Қазақстан Республикасының мемлекеттік үлгідегі дипломын және Үндістанның Ұлттық сот ғылымдары университетінің дипломын алады.
Білім беру процесі халықаралық форматта ұйымдастырылады. Сабақтар, зертханалық зерттеулер және жобаларды қорғау ағылшын тілінде өткізіліп, ECTS кредиттік жүйесі қолданылады. Академиялық ынтымақтастық аясында білім алушылар Үндістандағы серіктес университет базасында тағылымдамадан өтіп, шетелдік сарапшылардың дәрістеріне қатысып, практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
«Бұл жоба – Қазақстан мен Үндістан арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалардың бірі. Бұл жай ғана білім беру бағдарламалары емес. Бұл – қазақстандық және үндістандық білім беру тәжірибесін тоғыстыратын, оқытушылар мен білім алушылардың өзара тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашатын ортақ академиялық алаң», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бағдарламалардың іске қосылуы екі елдің құқық қорғау саласын цифрлық және технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға қажетті кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуының нәтижесі болды. Жобаның негізіне 2025 жылғы шілдеде өткен екіжақты келіссөздер арқау болды. Сол кезде NFSU өкілдері жұмыс сапары барысында Сәтбаев университетіне барып, Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары үшін цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздік салаларында мамандар даярлау тетіктерін талқылады.
Ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын, академиялық алмасу бағдарламаларын және ғылыми кадрлар даярлауды жолға қоюды жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, киберқылмысқа қарсы күрес, құқық қорғау қызметінде жасанды интеллект пен заманауи IT-шешімдерді қолдану мәселелері бар.
Осылайша, Қазақстан мен Үндістанның серіктестігі жекелеген білім беру бағдарламаларын іске асырумен ғана шектелмей, білім алмасуға, ғылыми құзыреттерді дамытуға және ұлттық қауіпсіздік жүйесіне жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік беретін тұрақты ынтымақтастық платформасын қалыптастырады.
Қос дипломды бағдарламаларды іске асыру Қазақстандағы жоғары білім беруді одан әрі интернационалдандыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және жетекші халықаралық тәжірибелерді ұлттық кадр даярлау жүйесіне ықпалдастыруға да ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1282479?lang=ru

Жауап қалдыру