
Байзақ ауданының прокуратурасы Байзақ ауданы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» КММ қызметінде жер заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Тексеру барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тұрғын үйлерге, ғимараттар мен құрылыстарға қызмет көрсету үшін арналған жерлер санатына ауыстыру кезінде уәкілетті органның Қазақстан Республикасы Жер кодексінде көзделген ауыл шаруашылығы өндірісі шығындарын өтеу төлемдерін есептеу мен өндіріп алуды қамтамасыз етпегені анықталды.
Атап айтқанда Үлгілі ауылдық округі әкімінің шешімімен ауданы 5,7 га суармалы жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген.
Бұл ретте жер пайдаланушыға 7,5 млн теңге мөлшерінде ауыл шаруашылығы өндірісі шығындарын өтеу міндеті жүктелгенімен, заңда белгіленген мерзімде көрсетілген сома төленбеген.
Тексеру барысында осыған ұқсас тағы 5 дерек анықталып, олардың нәтижесінде бюджетке жалпы сомасы 49,6 млн теңге көлеміндегі міндетті төлемдер түспегені анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 35 млн теңге өндіріліп, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Қазіргі уақытта уәкілетті орган қалған берешек сомасын өндіріп алу бойынша қажетті шараларды қабылдауда.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhambyl/press/news/details/1282502?lang=ru

Жауап қалдыру