
Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін бұл – маңызды оқиға. Мектеп салу туралы шешім 2024 жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың аудан тұрғындарына есеп беру кездесуінде ауыл тұрғындарының өтінішінен кейін қабылданған болатын.
Жаңа мектептің құрылысы өткен жылы басталып, 9 айдың ішінде бой көтерді. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Екі қабатты мектеп ғимараты 100 оқушыға арналған. Мұнда білім алуға қажетті заманауи жағдайлар жасалған: оқу кабинеттері, компьютер сыныбы, кітапхана, асхана және медициналық кабинет жабдықталған, интерактивті тақталар орнатылған. Сондай-ақ мектепте шағын орталық пен мектепалды даярлық сыныбы жұмыс істейді.
– Қызылқақ – облыстағы ең шалғай ауылдардың бірі. Облыс орталығынан 300 км астам қашықтықта орналасқан. Бүгінде ауылда 260 адам тұрса, оның 94-і балалар. Бұл ауылдың болашағы бар екенін білдіреді, – деді өңір басшысы.
Соңғы үш жылда Павлодар облысының ауылдық жерлерінде 8 жаңа мектеп салынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірде апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1282512?lang=ru

Жауап қалдыру