
Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында 6-15 жас аралығындағы мыңға жуық бала қатысқан «KIDS RUN – Білімге бастар қадам» бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында өткен жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 300 метр, 500 метр және 1 шақырым қашықтықта бақ сынады. Олардың арасында спортпен тұрақты айналысатын жас спортшылармен қатар, алғаш рет қатысқан балалар да болды.
Іс-шара барысында әр қатысушыға арнайы медаль табысталды. Осылайша, жарыс тек жеңімпаздарды анықтауға емес, спорттық белсенділікке қатысқан әр баланы ынталандыруға бағытталды.
Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, «KIDS RUN» жобасы жыл сайын өткізіліп, балаларды спортқа тартуға бағытталған дәстүрлі іс-шаралардың біріне айналып келеді.
«Бұл іс-шара жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл жаз айларында – маусым, шілде, тамыз айларында балаларға арналған осындай жүгірістер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жобаны жылдың барлық 12 айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Қыс мезгіліне де лайықтап, өз форматын қалыптастыруды ойластырып жатырмыз», – деді Ержігіт Өсербай.
Оның айтуынша, жарыстың ерекшелігі – қатысушылар арасында тек спортпен тұрақты айналысатын балалардың ғана болмауы.
«Бұл жерде тек спортшы балалар емес, спортпен кәсіби түрде айналыспайтын балалар да жүгірді. Басты мақсатымыз – олардың көңіліне серпіліс беру, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Баланың осындай ортаға келіп, қатарластарымен бірге жүгіріп, өз мүмкіндігін сынап көруінің өзі маңызды», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бұқаралық жарыстардың маңызы тек спорттық нәтижемен шектелмейді. Балалардың жарысқа қатысуы олардың белсенді болуына, өз мүмкіндігін сынап көруіне және спортты күнделікті өмір салтына айналдыруына ықпал етеді.
«KIDS RUN – Білімге бастар қадам» жарысы жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жазғы демалысын белсенді аяқтап, мектепке көтеріңкі көңіл күймен оралуына да мүмкіндік берді.
«Мен мұндай іс-шарада алғаш рет жүгірдім. Шаршап қаламын ба деп қобалжығанмын. Бірақ аса шаршамайды екенмін. Жарыс маған қатты ұнады. Алдағы уақытта да осындай іс-шараларға қатысқым келеді», – деді 8 жасар қатысушы Ербол Қасым.
Жобаны алдағы уақытта жыл бойы өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар қыс мезгіліне арналған формат әзірлеп, балалардың маусымға қарамастан бұқаралық спортқа тұрақты қатысуына жағдай жасауды көздейді.
Айта кетейік, «KIDS RUN» жарысын Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1282579?lang=kk

Жауап қалдыру