Маңғыстауда пробация қызметінің есебіндегі сотталғанға қатысты көрсетілімдік сот отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысының Түпқараған аудандық сотында аумақтық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Түпқараған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғанға қатысты көрсетілімдік сот отырысы өтті.

Сот отырысына прокуратура өкілдері, пробация қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған өзге де тұлғалар қатысты.

Сотта пробация қызметінің сотталғанның жазасын өтеу тәртібін бірнеше рет бұзуына байланысты енгізген ұсынымы қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталған өзіне сотпен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамаған. Атап айтқанда, ол тұрғылықты жерінде болмаған, бірнеше тәулік бойы үйіне келмеген, сондай-ақ жұмыс істеу мақсатында басқа жерге кеткені туралы пробация қызметкерлеріне алдын ала хабарламаған.

Пробация қызметкерлері тарапынан сотталғанның тұрғылықты жеріне тұрақты түрде тексеру жүргізілген. Алайда жүргізілген бірнеше тексеру барысында оның тұрғылықты жерінде болмағаны анықталған.

Бұдан бөлек, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар арасында жүргізілген наркологиялық скрининг барысында аталған сотталғанның биологиялық сынамасынан есірткі затының белгілері анықталған.

Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Айхайбек Нақовтың айтуынша, пробациялық бақылаудың негізгі мақсаты – сотталғандардың сотпен жүктелген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету және олардың тарапынан қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу.

«Пробация қызметінің есебінде тұрған әрбір сотталғанға заң талаптары мен сот жүктеген міндеттер түсіндіріледі. Олардың орындалуы тұрақты түрде бақылауда болады. Бұл жағдайда сотталғанға қойылатын талаптар бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, ол жазаны өтеу тәртібін бұзуды жалғастырған. Тұрғылықты жерінде болмауы, бірнеше тәулік бойы үйіне келмеуі және басқа жерге кеткені туралы пробация қызметіне хабарламауы оның белгіленген талаптарды тиісінше орындамағанын көрсетті. Осыған байланысты заңда көзделген шараларды қабылдау үшін сотқа тиісті ұсыным енгізілді», – деді Айхайбек Нақов.

Осыған байланысты пробация қызметі сотқа сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыным енгізген.

Сот ұсынылған материалдарды қарап, пробация қызметінің ұсынымын қанағаттандырды.

Сот шешіміне сәйкес, сотталған сот залында қамауға алынып, жазасының қалған бөлігін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.

Көрсетілімдік сот отырысына пробация қызметінің есебінде тұрған өзге де тұлғалардың қатысуы олардың сотпен белгіленген міндеттерді және жазаны өтеу тәртібін сақтау қажеттілігіне назар аударуға бағытталды.

Іс-шара барысында пробация талаптарын бұзудың құқықтық салдары түсіндіріліп, сотталғандардың белгіленген міндеттерді адал орындауының маңыздылығы атап өтілді.

Пробация қызметі пробациялық бақылаудағы тұлғалардың белгіленген талаптарды сақтауын қамтамасыз ету, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-mangystau/press/news/details/1282813?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді