Атырауда «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы байқауға қатысушыларды жеңісімен құттықтап, отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі еңбектеріне алғыс білдірді.

Биыл конкурсқа қатысу үшін аудандар мен Атырау қаласынан 62 отбасы өтінім түсті. Облыстық кезеңге 8 отбасы өтті, олардың арасында теміржолшылар мен кәсіпкерлер династиясы, отбасылық дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттер бар.

Өңірлік комиссияның шешімімен бірінші орынды Махамбет ауданынан келген Зұлқашевтар отбасы, екінші орынды Индер ауданынан Сабыровтар отбасы, үшінші орынды Исатай ауданынан Бөлековтер отбасы иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

Ал байқаудың республикалық кезеңінде Атырау облысының намысын Жылыой ауданынан келген Оспановтар отбасы қорғайды. Тату-тәтті әулетте жеті ұл мен бір қыз тәрбиеленіп, олардан 22 немере мен 37 шөбере өрбіген. Отбасы мүшелері білім беру, құқық қорғау, өндіріс және мәдениет салаларында ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.

Іс-шарада байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан төрт отбасыға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

«Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының республикалық кезеңі Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы Мемлекет басшысының бастамасымен 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау және ата-аналардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1282818?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді