
Егін жинау науқанының басталуымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жылдың ең жауапты кезеңдерінің бірі басталады. Бірнеше ай бойы атқарылған еңбектің нәтижесі механизаторлар, жүргізушілер мен мамандардың уақытылы әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Дегенмен, осы қарбалас кезеңде өрт қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет.
Егін жинау жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы техникалары белсенді пайдаланылып, астық тасымалданады және сақталады, кептіру қондырғылары жұмыс істейді. Техниканың ақаулығы, электр жабдықтарын пайдалану талаптарының бұзылуы немесе отты абайсыз қолдану өрттің шығуына және елеулі материалдық шығындарға әкелуі мүмкін.
Егін жинау науқаны кезінде өрттің алдын алу мақсатында қарапайым, бірақ аса маңызды қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Жұмыс басталар алдында ауыл шаруашылығы техникасы техникалық тексеруден өткізілуі тиіс. Электр сымдарының, жанармай жүйесінің, қозғалтқыштардың жарамдылығына және алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуына ерекше назар аудару қажет.
Техниканы қою және жөндеу орындары таза ұсталуы керек. Сабан, қоқыс, жанар-жағармай материалдары және басқа да тез тұтанатын заттардың жиналуына жол берілмеуі тиіс. Техниканы жанармаймен толтыру қозғалтқышы өшірілген кезде және ашық от көздерінен алыс жерде жүргізілуі қажет.
Дәнді дақылдарды жинау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау да маңызды. Егістіктерде, астық сақтау орындарының маңында және ауыл шаруашылығы техникаларына жақын жерде темекі шегуге және от жағуға қатаң тыйым салынады. Жұмыс аяқталғаннан кейін техниканың механизмдерін өрт қаупін тудыратын өсімдік қалдықтарынан мұқият тазалау қажет.
Егін жинау науқаны кезінде құрғақ әрі желді ауа райы ерекше қауіп төндіреді. Өшірілмеген темекі тұқылы, ақаулы техникадан шыққан ұшқын немесе ашық от бірнеше минут ішінде үлкен аумаққа таралатын дала немесе егістік өртіне себеп болуы мүмкін.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары барлық жұмысшыларға өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқама өткізуді, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды және кезекшілікті ұйымдастыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жарамды өрт сөндіргіштермен және қажетті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етуді міндетті түрде ескеруі қажет.
Егін жинау науқаны — бірнеше ай бойы атқарылған еңбектің қорытындысы. Сондықтан әрбір жұмысшының басты міндеті — еңбектің нәтижесін өрттен қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Есте сақтаңыз: өрттің алдын алу оның зардаптарын жоюдан әлдеқайда оңай. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау — өнімді, техниканы және адам өмірін сақтаудың кепілі.
Бесқарағай ауданының ТЖБ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-beskaragay/press/news/details/1282823?lang=ru

Жауап қалдыру