
Қарағандылық оқушы Сырым Амантай Географиядан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында — International Junior Geography Olympiad (IJGO) 2026 күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық білім додасы Сербияның Копаоник қаласында өтті.

Биылғы олимпиадада Қазақстанның намысын ұйымдастыру комитетінің кеңейтілген шақыруына ие болған тоғыз оқушы қорғады.
Сырым Амантай Н. Нұрмақов атындағы мектеп-лицей-интернаттың 10-сыныбында білім алады. Оның географияға деген қызығушылығы жетінші сыныпта оқып жүрген кезінен басталған. Содан бері жас дарын түрлі олимпиадаларға тұрақты қатысып, білім бәйгелерінде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Оның соңғы жетістіктерінің қатарында — Еуропалық география олимпиадасы EGEO 2026-дағы алтын медаль және республикалық олимпиадалардағы екі бірінші орын.

— Былтыр Географиядан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында Сырым қола медаль иеленген болатын. Биыл ол нәтижесін одан әрі жақсартып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Олимпиаданың ең күрделі кезеңі Сербияның таулы аймағында өткен практикалық тур болды. Ал мультимедиялық және жазбаша кезеңдерді Сырым жақсы нәтижемен аяқтады, – деді педагог Рахым Серік.

Қарағандылық оқушы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы оқу жылында ол Латвияда өтетін жоғары сынып оқушылары арасындағы Халықаралық география олимпиадасы — iGeo-ға дайындықты бастайды. Жас географ енді халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғауды көздеп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1282854?lang=ru

Жауап қалдыру