Павлодар облысы ПД музейінде мыңнан астам жәдігер сақтаулы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Музейлер – рухани, мәдени және тарихи мұраны сақтаушылар. Полиция департаментінде бірнеше ондаған жылдан бері тарих және жауынгерлік даңқ музейі жұмыс істеп келеді.
Бірегей құжаттар мен жәдігерлер негізінде жасақталған музей қоры бүгінде үлкен тарихи құндылыққа ие. Қазіргі уақытта музейде Қазақстан Республикасындағы НКВД-МВД органдарының және Павлодар облысының ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы туралы ақпарат беретін мыңнан астам экспонат сақтаулы, – деп хабарлайды Павлодар облысының ПД.
Мұнда әр дәуірге тиесілі ретрофотосуреттер мен қайта қалпына келтірілген формалық киім үлгілері, қару-жарақ, түрлі марапаттар мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің айырым белгілері қойылған. Сонымен қатар көрме экспонаттарының арасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің өмірбаяндары жазылған стендтер ерекше орын алады.
Департаменттің тарих және жауынгерлік даңқ музейі кәсіби бағдар беру және патриоттық тәрбие жұмыстарының негізгі алаңы болып табылады. Мұнда экскурсиялар ұйымдастырылып, келушілер Павлодар милициясының қалыптасу тарихымен, сирек кездесетін жәдігерлермен, құрылған кезеңнен бастап қазіргі уақытқа дейінгі полиция қызметінің тарихын қамтитын мұрағаттық құжаттармен танысады.
Музей қоры жаңа экспонаттармен толықтырылып отырады. Ардагерлер музей қорына құнды құжаттарды – өткен онжылдықтардағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қажырлы еңбегін айғақтайтын тарихи деректерді табыстап келеді.
Полиция ведомствосында атап өткендей, құқық қорғау органдарының тарихына қызығушылық танытатын барша азамат үшін музей есігі әрдайым ашық. Өңір тұрғындары мен қонақтары полиция тарихы мен Ертіс өңіріндегі ішкі істер органдарының қалыптасуы туралы көптеген қызықты мәліметтермен таныса алады. Сондай-ақ олар революцияға дейінгі кезеңнен бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихты қамтитын экспозицияларды көріп, Павлодар облысындағы кеңестік милицияның қалыптасуының бастауында тұрған алғашқы революционерлер туралы біле алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1282989?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді