
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аппараттың апталық мәжілісі өтті. Жиында өңірдегі индустриялық аймақтарды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері қаралды.
– Индустриялық аймақтар – өңір экономикасын әртараптандырудың, жаңа өндірістерді іске қосудың және инвестиция тартудың маңызды тетігі. Қай ауданда жұмыс жақсы жүріп жатыр? Қай аумақта кемшіліктер бар? Осыларды зерделеп, нақты сараптама ұсыныңыздар. Әрбір индустриялық аймақта нақты нәтиже болуы керек. Жобаларды тарту, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын күшейту қажет. Негізгі мақсат – өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың есебі тыңдалды. Бүгінде Түркістан облысында жалпы көлемі 1931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Аталған аймақтарда жалпы құны 158,4 млрд теңге болатын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылған кезде 5 964 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда жалпы құны 66 млрд теңге болатын 60 инвестициялық жоба іске қосылып, 3 328 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылы да қарқынды жүргізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша индустриялық аймақтарда жалпы құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба іске қосылып, 562 жұмыс орны ашылған болатын.
Өңірде жалпы құны 92,4 млрд теңге болатын 45 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда қосымша 2636 жаңа жұмыс орны құрылады.
2026 жылы индустриялық аймақтарда 13 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы құны 19,3 млрд теңгені құрап, 666 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.Бүгінде жоспарланған 13 жобаның 4-еуі іске қосылды. Жетісай индустриялық аймағында «Бирлик-Е» ЖШС мақта талшығын қайта өңдеу және мақта иірімін өндіру зауытын іске қосты. Жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынып, 100 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге осы аймақта «Altyn Kun Group» ЖШС-нің тамшылатып суару таспаларын өңдеу және өндіру кешені іске қосылды. Инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрайды, 30 адам жұмыспен қамтылды.
Отырар-мақта индустриялық аймағында «Yuanhong International Trading Co. Ltd» ЖШС машина-трактор паркі бар мақта өңдеу зауытын іске қосты. Жоба құны 2 млрд теңге болып, 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал Сарыағаш индустриялық аймағында «Альбарака 077» ЖШС-нің күнбағыс майын өңдеу зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорынға 0,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 70 жаңа жұмыс орны құрылды. Қалған 9 инвестициялық жобаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын, қағаз өнімдерін, химия өнеркәсібі өнімдерін, кеңсе жиһазын, асфальтбетон және темірбетон бұйымдарын, газбетон блоктарын, қабырға панельдері мен қаптаушы плиткаларды өндіретін кәсіпорындар бар.
Индустриялық аймақтардағы өндіріс көлемі де артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған аймақтарда орналасқан кәсіпорындар 16,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 600 млн теңге салық түсірді. Индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге 12,4 млрд теңге бағытталған. Бұл бюджеттен жұмсалған әрбір 1 теңгеге 12,8 теңге жеке инвестиция тартылғанын көрсетеді.
Инвестиция тарту бойынша белгіленген жоспар да артығымен орындалып отыр. 2026 жылға индустриялық аймақтарға 7 инвестициялық жобаны тарту жоспарланған болатын. Алайда 8 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 2 есеге артығымен орындалып, 14 инвестициялық жоба орналастырылды. Олардың жалпы инвестиция көлемі 42,7 млрд теңгені құрайды. Жобалар толық іске қосылғаннан кейін 597 адам жұмыспен қамтылады.
Мәжілісте облыс әкімі бірқатар индустриялық аймақтарда инвестициялық жобаларды тарту және қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз екенін айтып, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне индустриялық аймақтардың инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалануды, бос тұрған аумақтарды нақты жобалармен толықтыруды және инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырды. Инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешіп, іске қосылуы жоспарланған жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Нұралхан Көшеров әрбір инвестициялық жобаны іске қосылғанға дейін сүйемелдеуді және оның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Индустриялық аймақтарды жаңа өндіріс орындарымен толықтыру, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283041?lang=ru

Жауап қалдыру