Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында – Ұлттық кітап күніне арналған кітап апталығы аясында ерекше рухани шара өтті. Кітапсүйер қауымға танымал журналист Нәзира Байырбек пен «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Гүлмира Аймағанбеттің 6-12 жастағы балаларға арналған «Менің армандарым» атты күнделік кітабының тұсаукесері ұсынылды.
Кеш мазмұнын байыта түскен ерекше инсталляциялық көрмелер – «Алғыс қақпасы», «Армандар ағашы», «Армандар қабырғасы», «Арман жолы» атты тақырыптармен безендіріліп, келушілердің қызығушылығын оятты. Сонымен қатар, кітап жайында түсірілген бейне ролик те көрерменге ұсынылып, туындының мазмұны мен мақсаты кеңінен таныстырылды.
Іс-шараның модераторы ретінде ақын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман кешті шеберлікпен жүргізсе, ұстаз әрі «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева кітаптың жазылу тарихын баяндап, авторлардың шығармашылық ізденісі мен балаға деген сүйіспеншілігін жан-жақты ашып көрсетті.
Кеш қонақтары – ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Сарасөз» журналының бас редакторы Гүлжаз Қарыбек, №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Жанәліқызы және ақын Арқалық Әмәлият – бұл еңбектің балалардың ойлау жүйесін дамытудағы рөлін ерекше атап өтіп, кітаптың болашақ ұрпақ үшін маңызын жоғары бағалады.
Шара барысында Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің мүшелері өлеңдер оқып, өнерлерін паш етті. Армандармен өрілген кеш көрерменге шабыт пен серпіліс сыйлады.
Іс-шара соңында кітапхана директоры Рысбек Ермекұлы сөз алып, бұл кітаптың балаларға үлкен әсер сыйлайтынын атап өтіп, туындының оқырманы көп болсын деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, шараға атсалысқан барша қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Жауап қалдыру