
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы жол жөндеу жұмыстарымен танысты.
Ең алдымен шаһар басшысы Қолбасшы Қойгелді көшесіне барды. Қазіргі таңда мұнда Төле би даңғылынан Қапал көшесіне дейінгі аралықта қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жолдың жалпы жөнделетін учаскесінің ұзындығы – 3,2 шақырым.
Аталған көшедегі қайта жаңғырту жұмыстары жол инфрақұрылымын жақсартуға, көлік қозғалысын реттеуге және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Бұдан кейін қала әкімі Ә.Комратов көшесіндегі жөндеу жұмыстарын көрді. Мұндағы құрылыс Ташкент көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі аралықты және Ә.Комратов өткелін қамтиды. Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы – 1,183 шақырым.
Қазіргі таңда көшедегі жол жөндеу жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындаған. Жоспарға сәйкес, жөндеу жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделген. Ал 10 күннен кейін аталған учаскеде жол таңбаларын түсіру жұмыстары жүргізіледі.
Келесі кезекте Бақытжан Орынбеков Қ.Тұрысов көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биыл Рысқұлов көшесі мен Төле би даңғылы аралығындағы учаскеде жолдың жүріс бөлігі мен тротуарға орташа жөндеу жүргізілуде. Жөнделетін жол бөлігінің жалпы ұзындығы – 1,123 шақырым.
Қала әкімі сондай-ақ Әл-Фараби көшесін жаңғырту жұмыстарын назарға алды. Бүгінде Шостакович көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы жөнделетін учаскенің ұзындығы – 3,141 шақырым.
Аралау барысында қала әкімі жұмыстардың сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына айрықша мән берді.
Әсіресе, жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң нысандардың маңында міндетті түрде толық тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, абаттандыру және тазалық мәселесін назардан тыс қалдырмауды жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1283086?lang=ru

Жауап қалдыру