
Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға бағынатын ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, Конституцияны құрметтейтін және заңды сақтайтын жас ұрпақ қана өркендеген қоғам құрып, өзінің жеке әл-ауқатын қамтамасыз ете алады.
Ішкі істер органдары үшін бұл бағыттың маңызы айрықша. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қылмыс жасалғаннан кейін емес, одан әлдеқайда бұрын – құқықтық тәрбие беруден, туындаған мәселелерді дер кезінде анықтаудан және балалар мен отбасылармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуден басталуы тиіс.
Осыған байланысты 2026 жыл Ішкі істер министрлігінің жүйесінде Балалар қауіпсіздігі жылы деп жарияланды. Негізгі міндет – профилактикалық жұмысты күшейтіп, кәмелетке толмағандар үшін мектептерде, көшелерде, қоғамдық орындарда және цифрлық кеңістікте барынша қауіпсіз орта қалыптастыру.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі таңда Қазақстанда 7 656 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оларда 283 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 7 159 мектеп жедел басқару орталықтарына немесе ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне қосылған.
Мұндай жүйе болып жатқан жағдайды тіркеп қана қоймай, туындаған қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бейнебақылау – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесінің бір ғана элементі.
Балалардың мектепке барар жолындағы қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа оқу жылына дайындық аясында ІІМ білім беру нысандарына жақын аумақтағы жол инфрақұрылымына 9 417 тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 4 070 нұсқама берілді. Бүгінде олардың орындалғаны туралы 3 440 жауап алынған.
Мемлекеттік бақылау органдарының заңды талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы бойынша 11 әкімшілік хаттама толтырылды.
Білім беру ұйымдарының маңында 258 жаяу жүргіншілер өткелі орнатылып, абаттандырылды, 1 429 жасанды жол кедергісі, 4 854 жол белгісі, 10 шақырымнан астам қоршау және 1 897 жарықтандыру нысаны орнатылды.
Барлық бұл шаралардың басты мақсаты біреу – бала мектепке қауіпсіз барып, үйіне де аман-есен оралуы тиіс.
Балалардың қауіпсіздігін тек полиция күштерімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл бағытта ата-аналардың, педагогтердің, мемлекеттік органдардың және тұтас қоғамның бірлескен жұмысы маңызды.
Бүгінде бұл жұмыс баланың алаңсыз білім алып, дамуына және болашағын қалыптастыруына жағдай жасауға бағытталған ортақ мемлекеттік міндетке біріктірілген.
Балаларға қатысты «Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен бір нәрсені білдіреді: әрбір бала өз құқықтары қорғалған, пікірі ескерілетін ортада өсуі керек. Ал мектеп, көше, отбасы және цифрлық кеңістік барынша қауіпсіз болуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1283239?lang=ru

Жауап қалдыру