Қаржылық сауаттылық: Өскеменде алаяқтықтан сақтанудың жолдары түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлері көбейген сайын, қаржылық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Осыған байланысты Өскеменде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға арналған «Құқықтық диалог – қаржылық қауіпсіздіктің негізі» атты кездесу өтті. Шараның мақсаты – күнделікті өмірде кездесетін күмәнді жағдайларды дер кезінде байқап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесу.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзяновтың айтуынша, адамдар интернеттегі ақпаратқа сын көзбен қарап, жеке деректеріне мұқият болуы керек.

– Қаржылық айла мен алаяқтықтың түрі күн сайын көбейіп келеді. Өкінішке қарай, адамдар интернетте жазылғанның бәріне әлі де сене береді. Кейде ойланбастан сілтемеге өтіп, өз деректерін беріп қояды. Оның қандай қауіп төндіретінін өздері де, жақындары да бірден түсіне бермейді. Қауіп өте көп. Адам есірткіге қатысты қылмысқа да, қаржылық немесе басқа қылмысқа да, адам саудасы мен қару-жарақтың заңсыз айналымына да байланысты жауапкершілікке тартылып қалуы мүмкін. Егер алаяқтардың қолына сіздің деректеріңіз түссе, тіпті жай ғана хат алмасқаныңыз үшін де шынайы қылмыстық жауапкершілікке тап болуыңыз мүмкін, – деді ол.
Руфит Ахмедзянов алдын алу жұмысының нәтижесі кездесуге қатысқан адамдардың алған білімін кейін қолдануынан көрінетінін атап өтті.

– Жалпы, алдын алу жұмысының мәні де осында. Осы кездесуге келген адамдардың кем дегенде 15 пайызы алған ақпаратын өмірінде қолданып, интернетті қауіпсіз пайдалана бастаса, бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді қоғамдық қор директоры.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті превенция және талдамалық әзірлемелер басқармасы басшысының орынбасары Жандос Мұзтауовтың айтуынша, мұндай кездесулер халықтың қаржылық және құқықтық сауатын көтеруге бағытталған тұрақты жұмыстың бір бөлігі.

– Бүгін біз «Заң және тәртіп» бағыты аясында халықтың қаржылық және құқықтық сауатын арттыруға арналған кезекті шараны өткізіп отырмыз. Бүгінгі кездесуге Өскемен қаласындағы әкімдікке қарасты қызметтердің мамандары қатысып отыр. Негізгі тақырыптарымыз – дроперлік, қаржы пирамидалары және цифрлық қауіпсіздік. Қазіргі технологияларды пайдаланып жасалатын құқықбұзушылықтар көбейіп келеді. Соның ішінде телефон қоңыраулары, SMS және күмәнді хабарламалар арқылы адамдарды алдау әрекеттері бар, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ал цифрлық ортада қауіпсіз болудың негізгі талаптары қарапайым. Жандос Мұзтауовтың айтуынша, осы әдеттерді күнделікті өмірде қалыптастырудың өзі көптеген қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Ең алдымен цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Құпиясөз орнату, күмәнді қоңырауларға жауап бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және сенімсіз сайттарға кірмеу қажет. Мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Әдетте шағын кездесулер де, ауқымды шаралар да болады. Бүгінгі кездесу – соның ірі форматтағы түрлерінің бірі. Оған 200-ден астам адам қатысып отыр. Ең бастысы – адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Бұл оларға өздерін қорғауға және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Күмәнді қоңырауға жауап беру немесе белгісіз сілтемені ашу көпшілікке елеусіз әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда жеке дерек пен қаржыға қатысты қауіптің алдын алу дәл осындай қарапайым сақтықтан басталады. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттырумен қатар, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін білу де әр адамның күнделікті дағдысына айналуы маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-sayasat/press/news/details/1283290?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді