Әскери міндеттілер құрлық пен теңіздегі дағдыларын жетілдірді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Еліміздің әр өңірінде офицерлер, сержанттар мен запастағы сарбаздарға арналған әскери жиындар өтіп жатыр. Ақтау гарнизонында 30 әскери міндетті Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік кемелерінде даярлықтан өтсе, Шығыс Қазақстан облысының тағы 250 азаматы Аягөз гарнизонында әскери машықтарын жетілдіріп жатыр.
Ақтаудағы 30 күндік әскери жиындар тікелей кемелерде өтуде. Тәжірибелі командирлердің басшылығымен қатысушылар экипаж құрамындағы қызметтің ерекшеліктерін меңгеріп, навигациялық дағдыларын жетілдіреді, қару-жарақ пен автоматтандырылған басқару жүйелерін зерделейді. Кеме экипажының қауіпсіздігі мен оның жауынгерлік қабілетін сақтауға бағытталған іс-қимылдарға да ерекше назар аударылады.

         Алынған білімді теңізге шығу жаттығулары бекітеді. Әскери міндеттілер нақты теңіз жағдайында әрекет етуге және экипаж құрамында үйлесімді жұмыс істеуге машықтанады.
-Бұл жиындардағы ең құндысы – практикалық тәжірибе жинақтау мүмкіндігі. Алған білімдері бірден іс жүзінде теңізде сыналады. Мұндайда экипаждың үйлесімді әрекеті аса маңызды, – деді әртекті кемелер дивизионының командирі 2-ранг капитаны Руслан Яхьяров.
Аягөз гарнизонында Шығыс Қазақстан облысынан келген 250 әскери міндетті даярлықтан өтуде. Олардың қатарында 30 офицер және 220 сержант пен запастағы сарбаз бар. Олар тактикалық даярлық, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану дағдыларын жетілдіріп, бөлімше құрамында бірлесіп әрекет етуге машықтанады.
Мен үшін бұл жиындар бұрын алған дағдыларымды еске түсіріп, жаңа тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Мұнда тәртіптің, жауапкершіліктің және бірлесе әрекет ете білудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір түсінесің, – деді әскери міндетті Еркебұлан Кәкімов.
         Мұндай әскери жиындар әскери міндеттілерге қызмет барысында қажетті дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал Қарулы күштер үшін даярлығы жоғары резервті қалыптастыруға ықпал етеді.
Жиындар кезеңінде қатысушылардың жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Олар әскери киім-кешекпен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Даярлық аяқталғаннан кейін әскери міндеттілер тиісті емтихан тапсырады. Әскери жиындарды сәтті аяқтау белгіленген тәртіппен кезекті әскери атақ алуға да мүмкіндік береді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1283328?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді