
Алматыда биыл жалпы ұзындығы 250 шақырым болатын 340 көшені орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 95%-ға дейін жеткізіледі.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 1 қыркүйекке дейін жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын 15 магистральдық көшенің учаскелерінде жөндеу аяқталды. Олар – Зенков, Жамақаев, Жетісу, Шемякин, Мәмбетов, Рысқұлбеков, Жанқожа батыр, Ескендіров, Ақан сері, Манас, Ғабдуллин, Жандосов, Орталық, Үшкемпіров көшелері мен Құлжа тасжолының учаскелері.
Жұбанов, Өтеген батыр көшелерінің, сондай-ақ Алтынсарин және Абай даңғылдарының аумақтарында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Алдағы демалыс күндері тығыз қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жабынның жоғарғы қабаты төселеді. Одан кейін жол таңбасы сызылады.
Орташа жөндеу аясында төсем жол бойында бүкіл ені бойынша жаңартылып, жүргінші жолы мен арық науаларының бүлінген учаскелері жөнделеді.
Аудандық маңызы бар көшелерге ерекше назар аударылып отыр. Биыл Алатау ауданында 99 көше, Әуезов ауданында – 16, Наурызбай ауданында – 19, Бостандық ауданында – 39, Түрксіб ауданында – 21, Жетісу ауданында – 44, Медеу ауданында – 78 және Алмалы ауданында 1 көше орташа жөндеуден өтеді. Бүгінде жұмыстар 70%-ға орындалды, 31 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы биыл Ақжар, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысын жалғастырып отыр. Бүгінде жұмыстардың 80%-дан астамы аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1283538?lang=ru

Жауап қалдыру