
Өнеркәсіп қалдықтарын қоршаған ортаға зиян келтірмей қайта өңдейтін технологияларды жетілдіру – бүгінгі металлургия ғылымындағы басты бағыттардың бірі. Әсіресе, өндіріс барысында техногендік қалдықтар көп түзілетін хром және ферроқорытпа салалары үшін бұл мәселенің маңызы зор.
Осы бағыттағы ғылыми байланысты нығайту мақсатында «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК филиалы Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының ғалымдары Екатеринбург қаласындағы Ресей ғылым академиясы Орал бөлімшесінің Металлургия институтына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында қазақстандық ғалымдар болат және ферроқорытпалар зертханасының мамандарымен кездесті.
Кездесудің басты нәтижесі – екі тараптың ғалымдарынан құралған бірлескен жұмыс тобының құрылуы. Оның құрамына техника ғылымдарының докторы Александр Ким, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Руслан Сұлтанғазиев және техника ғылымдарының докторы Олег Заякин кірді.
«Кездесуде алдағы бірлескен жұмыстың нақты жоспарын белгіледік. Алдымен қалдықтардың құрамы мен қасиеттерін егжей-тегжейлі зерттеп, хромның олардың құрамында қандай күйде кездесетінін анықтаймыз. Осы зерттеулердің негізінде алты валентті хромның әсерін төмендетудің және қалдықтардағы құнды компоненттерді қайта өңдеуге бағыттаудың ең тиімді технологиялық жолдары айқындалады», – деді жұмыс тобының мүшесі Александр Ким.
Зерттеу Ақтөбе химия зауыты мен Қазақстандағы ферроқорытпа өндірісінен шығатын қалдықтарды, сондай-ақ Первоуральск және Новотроицк қалаларындағы кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарын қамтиды.
Хромды қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін төмендетіп, алты валентті хромның түзілуін бақылау өндірістен келетін ықтимал экологиялық зиянды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу арқылы олардың құрамындағы құнды компоненттерді өндіріске қайта пайдалануға болады. Болашақта мұндай тәсіл жиналатын қалдық көлемін қысқартуға, шикізатты тиімді пайдалануға және өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Іссапары барысында ғалымдар профессор Владимир Жучковтың 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға да қатысты.
Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты мен Ресей ғылым академиясы Орал бөлімшесінің Металлургия институты арасындағы әріптестік екі ғылыми ұжымның білімі мен зерттеу мүмкіндіктерін ұштастыруға жол ашады. Бұл өнеркәсіп қалдықтарын қоршаған ортаға зиян келтірмей қайта өңдеудің іс жүзінде қолдануға болатын тиімді шешімдерін әзірлеуге негіз болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1283582?lang=ru

Жауап қалдыру