
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елорда аумағында санитариялық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық орындарда тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Кезекті бақылау іс-шараларының бірінде құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымның жұмыс аяқталғаннан кейін аумақтағы құрылыс қалдықтары мен қоқысты уақытылы шығармағаны анықталды. Нәтижесінде құрылыс қалдықтары қоршаған ортаға кері әсер етіп, аумақтың санитариялық жағдайының бұзылуына әкелген.
Аталған факті бойынша мердігер ұйым Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін жауапты тұлғаларға аумақты қысқа мерзімде тиісті жағдайға келтіру қажеттігі туралы талап қойылды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша мердігер ұйым өз міндетін орындап, аумақтағы барлық қоқыс пен құрылыс қалдықтарын жинап, толықтай шығарып, учаскені тазалады.
Тағы бір бақылау іс-шарасы барысында құрылыс компаниясының абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын сақтамағаны анықталды. Атап айтқанда, құрылыс нысанына іргелес аумақта құрылыс материалдары мен қалдықтары жиналып, аумақтың тиісті санитариялық жағдайда ұсталмағаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылық бойынша құрылыс компаниясына да әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция департаменті абаттандыру және санитариялық тазалық талаптарын бұзуға жол бермейтінін ескертеді. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі мен ұйым өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапты.
«Таза Қазақстан» – ортақ іс. Таза қала – әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1283656?lang=ru

Жауап қалдыру