
2026 жылғы 31 тамыз күні Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес «Бастауыш білім берудің жаңа мазмұны: сапалы, тиімді оқыту, өзгерістер мен жаңарулар, жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған пәндік секция отырысы өтті.
Секция отырысының мақсаты – 2026–2027 оқу жылындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі бағыттарымен таныстыру, бастауыш білім берудегі өзекті мәселелерді талқылау, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына және әдістемелік қолдау көрсетуге жағдай жасау.
Отырыс барысында жаңа оқу жылындағы білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері, нормативтік-құқықтық құжаттардағы өзгерістер, бастауыш сыныптарда білім сапасын арттыру жолдары, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және бағалау жүйесін тиімді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар педагогтер сабақ үдерісінде заманауи цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, саралап оқыту тәсілдерін қолдану, оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында тәжірибе алмасты.
Секция барысында мұғалімдер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, 2026–2027 оқу жылына арналған әдістемелік ұсынымдармен танысты. Оқу жылы бойында жүргізілетін әдістемелік жұмыстардың негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы мақсат-міндеттер нақтыланды.
Қорытындысында білім сапасын арттыруға, әрбір оқушының жеке қабілетін дамытуға, озық педагогикалық тәжірибелер мен заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдануға бағытталған ұсыныстар қабылданды.
Пәндік секция отырысы бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауына және жаңа оқу жылындағы ортақ міндеттерді айқындауына мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tarbagatay-roo/press/news/details/1283746?lang=ru

Жауап қалдыру