
1 қыркүйек – Білім күні Ақтөбе қаласының «Оңтүстік-Батыс»-2 шағын ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №87 жалпы орта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.
300 оқушыға арналған жаңа мектепте бүгін алғашқы оқу күні өтті. Негізгі контингентті бұған дейін №10 мектепте білім алған оқушылар құрайды.
Жаңа білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда STEM, робототехника, биология, химия, физика және информатика кабинеттері жабдықталған.
Сонымен қатар бастауыш сыныптарға, технология, тарих, география, математика және АӘД пәндеріне арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған оқу кеңістіктері оқушылардың практикалық және зерттеу жұмыстарын жүргізуіне, техникалық дағдыларын дамытуына және заманауи білім алуына мүмкіндік береді.
Жаңа мектептің ашылуы тұрғындар үшін де қуанышты жаңалық болды.
«Бүгін біз үшін Оңтүстік-Батыс-2 елді мекенінде үлкен қуаныш. Көптен күткен «Келешек мектебіміз» ашылып жатыр. Біз балаларымызбен бірге осы мектепті ұзақ күттік. Мемлекет басшысына халық атынан шексіз алғыс білдіреміз. Балаларымыз осы мектепте білім алып, білім деңгейі жоғары, үлгілі оқушы болып шығады деген сенімдеміз. Мектептің ішіне кіріп, барлық жағдаймен таныстық. Мұнда пәндерге сай жабдықталған заманауи кабинеттер, спортзал, асхана және басқа да қажетті нысандар бар. Балалар үшін барлық жағдай жасалған», – деді Оңтүстік-Батыс-2 шағын ауданының тұрғыны Перизат Қуанышбаева.
№87 мектептің ашылуы «Оңтүстік-Батыс»-2 шағын ауданындағы білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-saulet/press/news/details/1284024?lang=ru

Жауап қалдыру