
2024 жылдан бастап Қазақстанда емханалардың жұмыс істеу тәсілдері кезең-кезеңімен өзгертілуде. Негізгі міндет – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және пациенттердің күтуге, сондай-ақ ұйымдастырушылық мәселелерге жұмсайтын уақытын қысқарту.
Сонымен қатар дәрігер қабылдауына өз бетінше жазылу мерзімі ұзартылды. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылса, қазір қабылдауға 60 күнге дейін алдын ала жазылу мүмкіндігі қарастырылған.
Жалпы практика дәрігерлеріне өз бетінше жазылу үлесі 20%-дан 72,5%-ға дейін, ал бейінді мамандарға жазылу үлесі 4%-дан 66,1%-ға дейін өсті.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарда учаскелік дәрігердің қабылдауын күту мерзімі орта есеппен 5–7 күннен 1–3 күнге дейін қысқарды. Қабылдауға 60 күнге дейін алдын ала жазылу мүмкіндігі бар. Ал шұғыл жағдайлардағы пациенттер үшін емханаларда 680 арнайы кабинет ашылды. Бұл өзгерістер медициналық алғашқы көмекті жаңғырту аясында енгізілуде.
Учаскелік дәрігерлердің пациенттерді қабылдау уақыты ұзартылды. Атап айтқанда, учаскелік дәрігерлердің пациенттерді қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде қабылдауды күтудің орташа мерзімі 5–7 күннен 1–3 күнге дейін қысқарды.
Денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы кезінде, бірақ өмірге тікелей қауіп төнбеген жағдайда көмек көрсету үшін соңғы екі жылда 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды.
Бұл кабинеттерге дене қызуының жоғарылауы, артериялық қысымның көтерілуі, созылмалы аурулардың асқынуы, қатты ауырсыну, құсу, диарея және жеңіл жарақаттар кезінде жүгінуге болады.
Белгіленген көрсетілімдер бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 995 мобильдік бригада құрылды.
Өмірге қауіп төндіретін жағдайлар кезінде жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгіну қажет.
Емханаларда мейіргердің өз бетінше қабылдауын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Медицина қызметкерлерінің өкілеттіктері шегінде мейіргерлер жекелеген медициналық рәсімдерді орындайды, медициналық құжаттарды ресімдейді және созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауға қатысады.
Бұл дәрігерлерге түсетін жүктемені қайта бөлуге және диагностика мен емдеуді қажет ететін пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерімен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін өсті.
Медициналық құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жалғасуда. Рецепттер мен уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары электрондық форматқа көшірілді, медициналық анықтамалардың 13 түрі цифрландырылды.
Сонымен қатар жоспарлы емдеуге жатқызу алдында жүргізілген тексеру нәтижелерінің жарамдылық мерзімдері қайта қаралды. Жекелеген зерттеулер бойынша олардың мерзімі 10 күннен 12 күнге дейін, ал кейбіреулері бойынша бір айдан үш айға дейін ұзартылды.
Бұл белгіленген жағдайларда бұрынғы жарамдылық мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тексерулерді қайта жүргізбей, өзекті зерттеу нәтижелерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейіндегі өзгерістер күту уақытын қысқартуға, өз бетінше жазылу мүмкіндіктерін кеңейтуге және қажетті медициналық көмекті емхана деңгейінде алуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1284168?lang=ru

Жауап қалдыру