
Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын енгізу жөніндегі жұмыс тобы Шығыс Еуропада төмен шығарындылар аймағы – LEZ алғаш енгізілген София қаласының тәжірибесін зерделеді.
Делегация құрамына Almaty Air Initiative, «Eco Almaty» ЖШС, LEZ операторы – «Алматы Паркинг» КМК өкілдері, сондай-ақ Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу және енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері кірді. Софияда олар муниципалитет өкілдерімен, сарапшылармен, қалалық кеңес депутатымен және дәрігерлер қауымдастығының өкілімен кездесті.
Almaty Air Initiative мәліметінше, LEZ іске қосылғаннан кейін Софиядағы ереже бұзушылық саны шамамен 93% азайған. Төмен экологиялық санаттағы автокөліктер саны тәулігіне шамамен 20 мыңнан 2026 жылғы ақпанда 1,3-1,4 мыңға дейін төмендеді. Бұл ретте айыппұлдарды толық көлемде өндіріп алу әлі қолданылған жоқ. Нәтижеге автоматты тіркеу, жүргізушілерді ақпараттандыру және хабардар ету арқылы қол жеткізілген.
Сапар барысында Софияның шектеуді кезең-кезеңімен енгізу, айналып өтетін бағыттарды ұйымдастыру, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету, цифрлық әкімшілендіру және ауа сапасын бақылау тәсілдері зерделенді.
Халықты қолдау шараларына ерекше назар аударылды. Софияда көмір мен отынды пайдалануға енгізілген шектеу жылу жабдықтарын тегін ауыстырумен қатар жүргізілген. 2026 жылдың басына дейін шамамен 11 мың үй шаруашылығында 20 мыңға жуық құрылғы ауыстырылды.
Almaty Air Initiative атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, делегация үшін бұл жолдан жуырда өткен қаланың тәжірибесін зерделеп, оған тікелей қатысушылармен қандай тетіктердің тиімді болғанын, қандай қиындыққа тап болғанын және бүгінде нені басқаша жасар еді деген мәселелерді талқылау маңызды болды.
«Eco Almaty» ЖШС бас директорының орынбасары Айдана Қасеннің айтуынша, София тәжірибесі экологиялық шектеуді кезең-кезеңімен енгізіп, сонымен қатар халыққа қолдау көрсеткен жағдайда олардың тиімділігі жоғары болатынын көрсетті.
Қазір Алматыда Бөгенбай батыр – Абай – Желтоқсан – Достық көшелері аумағында LEZ техникалық пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін ешқандай шектеу, айыппұл және кіру ақысы қарастырылмаған.
Қазіргі кезеңде қала камераларды, радарлық сенсорлар мен көлікті тану жүйелерін сынақтан өткізіп, көлік ағыны туралы деректерді ауа сапасының көрсеткіштерімен сәйкестендіруде және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтап жатыр.
Сапар қорытындысы бойынша Almaty Air Initiative Алматыға арналған ұсынымдар қамтылған талдамалық есеп әзірледі. Олардың қатарында ластану көздерін алдын ала анықтау, түрлі басқармалардың дерегін біріктіру, қоғамдық көлікті дамыту, тұрғындарға атаулы қолдау көрсету және шектеу енгізілгенге дейін цифрлық әкімшілендіру жүйесін толық жолға қою бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1284272?lang=ru

Жауап қалдыру