Облыс әкімі өңірдегі тазалық жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов пен Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндады.

Биыл 4 сәуірден бастап облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Сенбіліктерге 315 мыңнан астам тұрғын қатысып, 6 842 ұйым мен 3 017 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 38 мың аула, 1134 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылды.

Өңірлік жоспарға сәйкес 67 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланып, оның 60 мыңы егілді. «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарына 44 іс-шара енгізілген. Оның ішінде биыл 32 іс-шара жоспарланып, 18-і бірінші және екінші тоқсандарда жүзеге асырылды.

Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 141 қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 133-і, яғни, 94 пайызы жойылды. Сонымен қатар кейбір тазартылған орындарда қоқыстың қайта пайда болу жағдайлары тіркеліп отыр. Қайталама қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу мақсатында бірқатар аудандарда бейнебақылау камералары орнатылды.

Экологиялық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында биыл облыс аумағында 2450-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, 9085 құқық бұзушылық анықталды. 37 млн 691 мың 510 теңгеге 941 айыппұл салынды.

Облыс әкімі жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Көгалдандыру жоспарын толық орындау, отырғызылған көшеттердің жерсінуі мен күтімін бақылау, заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу, @TazaQazBot арқылы түскен өтініштерді жедел қарау, абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, рейд шараларын жалғастыру және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау кезінде «Таза Қазақстан» қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жоба екенін атап өтті. Біздің міндет – өткізілген сенбіліктер мен акциялардың санын көбейту ғана емес, тазалықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету, отырғызылған көшеттердің жерсінуіне бақылау жасау, заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Осы күнге дейін облысымызда Президент бастамасы бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 3 жылда облыс бойынша 194 402 ағаш егілді, 454 ретсіз қоқыс орындары тазартылып, екі мыңға жуық тазалық шаралары өтті. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы сенбіден бастап, әр сенбі сайын сенбілік жұмыстарын жалғастырамыз. Тазалық шараларына барлығымыз атсалысуымыз керек», – деді Берік Уәли.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1284269?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді