
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов денсаулық сақтау саласындағы бірқатар ірі жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Оның қатарында жаңадан салынатын облыстық онкология диспансері, радиология корпусы, Авангард шағынауданындағы емхана және психикалық денсаулық орталығының жаңа ғимараты бар.
Аймақ басшысына алдымен облыстық онкология диспансерінің жаңа ғимаратының жобасы таныстырылды. Авангард-3 шағынауданында орналасқан ғимараттың орнына 180 орындық заманауи онкология орталығы салынады. Жоба EPC келісімшарты негізінде жүзеге асырылады, яғни мердігер құрылыс жұмыстарының толық цикліне жауапты. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «KAZPACO» ЖШС жүргізеді.
Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, қолданыстағы ғимарат екі ай ішінде бұзылып болуы тиіс. Құрылыс кезінде медициналық бөлімшелер “Сарықамыс” шағынауданындағы Фтизиопульмонология орталығының бос тұрған ғимаратына уақытша орналастырылады.
— Жаңа кешен төрт блоктан тұрады. Алты қабатты корпустардың бірінде қабылдау және паллиативтік көмек бөлімдері, химиотерапия, радиология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері орналасады, — деді жоба жетекшісі.
Құрылыс-монтаж жұмыстары жоспар бойынша 1 желтоқсанда басталуы тиіс. Нысанды 2028 жылдың аяғына дейін пайдалануға беру көзделген.
Облыс әкімі жаңа онкология диспансерін жобалау және салу кезінде заманауи еуропалық талаптарды басшылыққа алып, пациенттерге мейлінше жайлы психологиялық орта қалыптастыруды тапсырды.
— Медицина мекемесі құрал-жабдықтар, технологиялар жағынан ғана заманауи болмауы керек, пациенттерге жасалатын жағдай да сондай деңгейде болуы тиіс. Науқасты одан сайын күйзеліске түсірмейтін, диагнозын еске сала бермейтіндей атмосфера орнату маңызды. Мұның барлығы жобалау кезеңінде ескерілуі шарт, — деді Болат Ақшолақов.
Одан кейін өңір басшысы 180 орынға арналған радиология корпусының құрылысымен танысты. Мұнда диспансерлік бақылау, хирургия, химиотерапия және радиология бөлімдері, сондай-ақ функционалдық және эндоскопиялық диагностика кабинеттері орналасады. Қазіргі таңда нысан 70 пайызға дайын. Корпусты 2027 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс әкімі құрылыс-монтаж жұмыстарын жеделдетіп, нысанның сапалы салынуын қамтамасыз етуді және бекітілген жұмыс кестесінен ауытқымауды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкіміне Авангард шағынауданында ауысымына 250 адамды қабылдайтын қалалық емхана салу жобасы таныстырылды. Жаңа емхананың жалпы аумағы шамамен 5 мың шаршы метр болады. Құрылысты 2027 жылғы қаңтарда бастау жоспарланған. Жобаны 8 ай ішінде аяқтау көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, медицина кешені пациенттерге қолайлы әрі артық қоршауларсыз біртұтас кеңістікте салынады. Қазіргі таңда Авангард шағынауданындағы №1 емхана 60 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа нысан пайдалануға берілсе, емхананың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік туады.
Облыс әкімі жобаны жан-жақты зерделеуді, медицина мекемесіне қойылатын барлық талапты сақтай отырып, оны жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды.
Келесі нысан — Авангард шағынауданындағы облыстық психикалық денсаулық орталығы. Орталықтың қолданыстағы ғимараты апатты деп танылған. Алмалы ауылында салынатын 250 орындық жаңа орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаны қыркүйекте мемлекеттік сараптамаға ұсынып, желтоқсанда қорытындысын алу көзделіп отыр.
Психикалық денсаулық орталығының ғимаратын алдағы уақытта бұзылатындықтан, мекемені уақытша орналастыруға санитария талаптарына сай келетін ғимарат іздеу және оны жалға алу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі мәселені шешудің балама жолдарын да қарастыруды, оның ішінде тиісті медициналық талаптарға сай ғимаратты сатып алу мүмкіндігін зерделеуді жүктеді. Сондай-ақ облыс әкімі пациенттерге медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі Атырау жоғары медициналық колледжінің жұмысымен де танысты. Оқу орны бүгінге дейін 17 мыңнан астам маман даярлаған. Қазір колледжде 3 мыңға жуық студент білім алады. Мекемеде студенттердің медициналық дағдысын тәжірибе жүзінде шыңдауға мүмкіндік беретін симуляция орталығы жұмыс істейді.
Бірақ ғимарат заманауи талаптарға толық сәйкес келмейді. Колледж директоры Лаура Құбаеваның айтуынша, оқу кабинеттері жетіспейді, толыққанды акт залы мен спорт залы жоқ, материалдық-техникалық базаны одан әрі жаңарту қажет.
— Медицина мамандарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты жаңа үлгідегі оқу ғимаратын салу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы уақытта білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, студенттерді клиникалық бағыттар бойынша даярлауға, оның ішінде жоғары курс студенттеріне жағдай жасамақпыз, — деді ол.
Облыс әкімі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту білікті мамандар даярлау ісімен қатар жүруі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа оқу корпусын салу мәселесі облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаралатынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1284314?lang=ru

Жауап қалдыру