Бала қауіпсіздігі ата-ананың жауапкершілігінен басталады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Жетісу облысының полициясы ата-аналарды балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.

Биыл бірінші сынып оқушысының ата-анасы атанған полиция қызметкері өз тәжірибесімен бөлісіп, балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету отбасынан басталатынын атап өтті.

— Биыл мен үшін ерекше жыл. Себебі мен де бірінші сынып оқушысының ата-анасымын. Баламның мектепке алғаш қадам басуы – үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Полиция қызметкері ретінде жол қауіпсіздігінің маңызын жақсы түсінемін. Сондықтан баламмен бірге мектепке баратын қауіпсіз бағытты бірнеше рет жүріп өтіп, жолды қай жерден және қалай дұрыс кесіп өту керектігін түсіндірдім. Сөмкесі мен сырт киіміне жарық қайтарғыш элементтер жапсырдым. Бұл қарапайым ғана шара болғанымен, баланың жолда жүргізушіге ертерек байқалуына көмектеседі, — деді полиция қызметкері.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, балаға қауіпсіздік ережесін бір рет түсіндіру жеткіліксіз. Оны күн сайын қайталап, жолдан өту, бағдаршам белгілеріне бағыну, көлік қозғалысына мұқият болу дағдыларын қалыптастыру қажет. Ең бастысы – ата-ананың өзі жол қозғалысы ережелерін сақтап, балаға дұрыс үлгі көрсетуі тиіс.

Сондай-ақ балаларды автокөлікте тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Баланың жасына және бойына сәйкес арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларды пайдаланып, оның көлік ішінде дұрыс бекітілуін және қауіпсіздік белдігінің тағылуын қамтамасыз ету маңызды.

Жетісу облысының полициясы ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады.

Бала қауіпсіздігі – ортақ міндет, ал оның алғашқы үлгісі отбасынан басталады. Бала көбіне ата-анасының айтқанын емес, жасағанын қайталайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1284390?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді