
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Маңғыстау облысының Ұштаған ауылындағы Асқар Өтепбергенов атындағы жалпы білім беретін мектепте ерекше тағылымды шара өтті. Мектеп қабырғасында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сағындық Аяғановтың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы ашылды.
Бұл сыныптың ашылуы – кездейсоқ таңдау емес. Себебі дәл осы білім ордасы Маңғыстаудан шыққан тұңғыш генералдың үлкен өмір жолына бастау болған қасиетті қара шаңырақ.
Полиция генерал-майоры Сағындық Күзембайұлы 1984-1992 жылдары осы мектепте білім алып, алғаш әріп танып, арманын айқындаған. Кезінде осы мектептің қарапайым партасында отырып, білім нәрімен сусындаған шәкірт бүгінде ел тыныштығын күзеткен, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып жүрген генерал дәрежесіне көтерілді.
Салтанатты шараға қатысқан Сағындық Аяғанов оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, «Жас сақшы» сыныбының басты мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
«Тәртіп бар жерде әділдік пен адамгершілік болады. Білім мен тәртіпті серік еткен жас ұрпақ – елдің ертеңі», – деді полиция генерал-майоры.
Шара барысында «Жас сақшы» сыныбының оқушылары салтанатты түрде ант қабылдады. Оларға осы сыныпта білім алатынын растайтын, өз суреттері бейнеленген арнайы куәліктер табысталды.
Салтанатты жиын барысында мектеп ұжымының еңбегі де елеусіз қалмады. Аталмыш мектептің төрт қызметкері алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды.
«Жас сақшы» сыныбы жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, тәртіп пен жауапкершілікке, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге бағытталған. Оқушылар құқық қорғау саласымен танысып, патриотизм, адалдық және қоғамдық тәртіп сынды құндылықтарды бойына сіңіретін болады.
https://www.instagram.com/p/Dcx_nBwjG9q/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1284436?lang=ru

Жауап қалдыру