Ақтөбе облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметке маман даярлауға арнаулы грант бөлінді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған жаңа бастама қолға алынды. 2026–2027 оқу жылынан бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша білім алуға облыс әкімінің 5 арнаулы гранты бөлінді.

Бастаманың мақсаты – өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің білікті мамандарға деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, қоғамдық денсаулық сақтау саласына кәсіби кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру.

Арнаулы гранттар Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамасымен бөлініп отыр. Бұл – өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық саланың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Грант иегерлеріне оқуын аяқтағаннан кейін Ақтөбе облысында еңбек етуге басымдық беріледі. Мемлекеттік қолдау арқылы даярланған мамандардың өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметіне келіп, кадр тапшылығын азайтуға үлес қосуы көзделген. Грант негізінде білім алған түлектердің Ақтөбе облысында кемінде 5 жыл еңбек етуі қарастырылған.

Сонымен қатар, өңірде санитариялық-эпидемиологиялық бағыт бойынша арнаулы орта білім алуға да мүмкіндік жасалды. Биыл Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжінде алғаш рет «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша кафедра ашылып, жаңа оқу жылында 27 талапкер осы бейіндік мамандықты таңдап, ақылы негізде білім алуға қабылданды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет – инфекциялық аурулардың алдын алу, халықтың санитариялық саламаттылығын қамтамасыз ету және қоғамдық денсаулықты қорғау жүйесіндегі маңызды буын. Сондықтан осы салаға кәсіби мамандар даярлау – өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне салынған ұзақ мерзімді инвестиция.

Жаңа бастаманың жыл сайын жалғасын табуы өңірдегі кадрлық қажеттілікті жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1284475?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді